Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында Қазақстанның барлық өңірінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында түрлі экологиялық акциялар ұйымдастырылып жатыр. Бұл жайлы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мәлімдеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен жоба соңғы екі жылда еліміздің қалалары мен ауылдарын абаттандыру мен көгалдандыруға бағытталған ауқымды қоғамдық қозғалысқа айналды. «Таза Қазақстан» бастамасы бүгінде экологиялық мәдениетті қалыптастырумен қатар, қоғамдық жауапкершілікті арттырудың маңызды тетігі ретінде қарастырылып отыр. Жобаның құндылықтары еліміздің жаңа Конституциясында да көрініс тапқан. Атап айтқанда, Ата Заңның преамбуласында табиғатты қорғау мен аялаудың маңызы алғаш рет нақты көрсетілді. Сондай-ақ жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру, жауапты әрі жасампаз отаншылдық қағидатын дамыту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындалған. Осыған байланысты «Таза Қазақстан» жобасы «Заң және Тәртіп» қағидатымен және «Адал азамат» бағдарламасымен қатар жаңа қоғамдық этиканы қалыптастырудың маңызды құралына айналып отыр, - деді ол.
Оның айтуынша, жоба аясында азаматтардың қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауы, қоғамдық орындардағы тазалықты сақтау және вандализмге қарсы мәдениетті қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуіп отыр.
Соңғы екі жыл ішінде «Таза Қазақстан» жобасы нақты нәтижелерге қол жеткізді. Ел көлемінде 6,5 миллионға жуық адамның қатысуымен 1,5 мыңнан астам экологиялық іс-шара өткізілді. Белсенді азаматтардың қатысуымен 2 миллион тоннаға жуық қоқыс жиналып, 5,5 миллионға жуық ағаш отырғызылды. Жобаның тағы бір ерекшелігі – оған халықаралық деңгейдегі тұлғалардың қолдау көрсетуі. Қазақстанға ресми сапармен келген шетелдік мемлекет басшылары, танымал мәдениет және спорт қайраткерлері ағаш отырғызу акцияларына қатысып, экологиялық бастаманы қолдау дәстүрге айналды, - деп мәлімдеді Қарин.
Оның пікірінше, «Таза Қазақстан» жобасы қоғамды күрделі идеологиялық ұстанымдар төңірегінде емес, баршаға түсінікті әрі ортақ құндылықтар негізінде біріктірудің тиімді үлгісін көрсетіп отыр.
Жуырда Парламент қабырғасында саяси партиялардың бағдарламалары мен жарғыларына «Таза Қазақстан» қағидаттарын енгізу туралы ұсыныс та айтылды. Бұл бастама экологиялық жауапкершілік пен қоғамдық мәдениетті одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағалануда. Осылайша, «Таза Қазақстан» жобасы кең қоғамдық қолдауға ие болып қана қоймай, біртіндеп қазақстандықтардың күнделікті өмір салтының ажырамас бөлігіне айналып келеді, - деді Мемлекеттік кеңесші.