Саяси партиялардан екі кандидаттан кем тіркелген жағдайда аудан әкімі үміткерін ұсынады

1 Шілде 2021, 10:20
2370
Бөлісу:
Саяси партиялардан екі кандидаттан кем тіркелген жағдайда аудан әкімі үміткерін ұсынады
Сұхбат

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Тараз қаласында алдымыздағы айтулы саяси-халықтық науқан – ауыл әкімдерін сайлауға байланысты семинар кеңес өтті. 

Алқалы жиынға Жамбыл облысындағы осы шараға жауапты мамандардың дені қатысып, негізгі сауалдарына жан-жақты жауап алды. Карантин талаптарын сақтай отырып, бір күнге созылған басқосудан соң, өңірдегі сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкеловті аз-кем әңгімеге тартқан едік.

– Серғали Өмірзақұлы, алдымен осы жиынның мән-маңызына тоқталып өтсеңіз...

– Бәрімізге белгілі, биыл «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конститутциялық заңға енгізілген түзетулерге сәйкес, өкілеттігі аяқталатын аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық окруктердің әкімдерін тікелей сайлауын өткізу міндеті тұр. Аймақтағы 156 әкімнің 41-інің заң талаптарына сай 4 жылға сайланған өкілеттіктерінің аяқталуына байланысты біз ауыл әкімдерінің сайлауын ұйымдастыруымыз керек. Осыған орай, ағымдағы жылдың 26 маусымына дейін Орталық сайлау комиссиясы арнайы бекітілген оқу жоспары бойынша, сайлау процессіне қатысатын аумақтық сайлау комиссияларының 77 мүшесі мен 98 учаскелік сайлау комиссияларының 657 мүшесін оқытып, білімдерін шыңдауы қажет. Сондықтан алғашқы семинар-кеңесті облыс орталығында өткізуді жөн көрдік.

Айта кетейін, бұл семинар-кеңеске облыс әкімі апппаратының басшылығы, жергілікті прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Мемелекеттік қызмет істері агенттігінің өңірдегі департаменттері, облыста тіркелген саяси партиялардың өкілдері, осы науқанды ұйымдастыруға мүдделі басқармалардың жетекшілері, аудан әкімдерінің аппарат басшылары, ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, аумақтық сайлау комиссияларының, учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшылары шақырылып, олардың басым көпшілігі қатысты.

– Бұл саяси додадан мүгедек азаматтар да шет қалмауы керек қой?

– Әлбетте, сайлау учаскелерін жабдықтау барысында дауыс беретін мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы кабиналар жасақталып, нұсқаулыққа сәйкес қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ аудандар әкімдерінің қолымен бекітілген сайлаушылар тізімі барлық аумақтық сайлау комиссияларына науқанға 15 күн қалғанда «қабылдау-өткізу актісімен» ұсынылуы керек.     

– Қаржыландыру шаралары қалай шешіледі?

– Барлық денгейдегі сайлау комиссияларын оқыту, үйрету шаралары заңға сәйкес, жергілікті қазынадан қаржыландырылады. Республикалық қазына қаражатымен сайлау комиссияларын ұйымдастыр мен олардың қызметі, сайлау комиссиясының үй-жайы мен дауыс беруге арналған үй-жайды жалға алу, іссапар шығыстары, саяси партиялар ұсынған кандидаттар туралы ақпараттық плакаттарды дайындау шығындары қамтамасыз етілетін болады. 

– Серғали Өмірзақұлы, қауіпті індетке байланысты қалыптасқан ахуалға қарай қандай шаруалар атқарылуда?

– Бұл да назарымыздан шет қалған жоқ. COVID-19 инфекциясының таралуының алдын алу, сайлау науқаны кезеңінде санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті және азаматтардың денсаулығын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында сайлау учаскелері санитарлық талаптарға сәйкес жабдықталуда және облыс көлемінде сайлауға қызмет көрсететін 98 сайлау учаскелерінің барлығы және 657 аумақтық сайлу комиссия мүшелері толығымен орталықтандырылған түрде медициналық-санитарлық қауіпсіздік құралдарымен және қажетті кеңсе тауарларымен қамтамасыз етілді және оларды вакцинациялау бағытындағы жұмыстар да жүргізілу үстінде. 

Екпе қабылдау үшін сайлау учаскелерінің барлық комиссия мүшелерінің тізімдері облыстағы медицина саласының өкілетті органдарына жақын күндері жасақталып беріледі. Бұл мәселені ұйымдастыру Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылығымен келісілген.        

 – Сайлау процессін даярлау барысындағы негізгі жұмыстардың бірі – әкім лауазымына кандидаттарды заң талаптарына сәйкес айқындау. Сондықтан үміткерлерге қойылатын негізгі талаптарды атап өтсеңіз? Бүгінде ел ішінде түрлі пікірлер қалыптасуда.

– Ең алдымен аумақтық сайлау комиссияларына әкім қызметіне кандидаттықа тіркелу үшін ұсынылатын азаматтар «ҚР жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңның талаптарына сәйкес болуы тиіс. Маңызды құжаттың 113-3-бабында айқындалғандай, әкімдікке кандидаттарды ұсыну заң талаптарына сай тіркелген саяси партиялар мен азаматтардың аумақтық сайлау комиссияларына ауыл әкімдігіне сайлауға түсу туралы өтініші бойынша және ұсыну мерзімі бітетін күні аумақтық сайлау комиссияларында сайлау өтетін әкімнің орнына екі кандидаттан кем кандидат тіркелген жағдайда аудан әкімі өз кандидаттарын ұсына алады. Бұл тұста ескере кететін бір мәселе, сайлау округінде сайланатын әкім лауазымына саяси партиялар бір ғана кандидатын ұсына алады.

Саяси партиялардың сенімді өкілдерін тіркеу және оларға тиісті куәліктер беру жұмыстары да заң талаптарына сәйкес атқарылуы керек.

– Әңгімеңізге рахмет! Әңгімеміз алдағы уақытта да жалғасады деген сенімдемін!

Өзгелердің жаңалығы