Саяси қателік. Қазыбек Иса Үкіметке ұсыныс жасады

3 Наурыз 2021, 11:58
5006
Бөлісу:
Саяси қателік. Қазыбек Иса Үкіметке ұсыныс жасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Қазыбек Иса «Ақ жол» фракциясы депутаттарының атынан Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтан Алаш арыстарының қасиетті есімдерін жергілікті жерде ұлықтау шараларын бақылауға алуды сұрады. 

Биыл 30 жылдығы аталып өтетін Қазақ елінің Тәуелсіздігі жолындағы ғасырлар бойғы жанқиярлық күресі ішінде Алашорданың орны айрықша.

Басты ұраны – жерді сатпау, тілді сақтау болған Алаш арыстарын ұлықтауды Президент Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында бастап берді. «Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек» деп айтқан болатын. Алайда, Алаш десе қарапайым көпшіліктің есіне тек Алашорда үкіметінің көрнекті көсемдері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді бірнеше тұлғаның есімі келеді. Шын мәнінде бұл тізім әлдеқайда кең, - дейді Қазыбек Иса.

Ол еліміздің түкпір-түкпіріндегі Алаш ұстанымын насихаттаған, сол үшін құрбан болған жергілікті Алаш қозғалысы қайраткерлерінің ерліктері ескерілмей, есімдері әліге дейін белгісіз болып отырғаны өкінішті екенін айтты. 

Ол азаматтардың барлығы Тәуелсіз Қазақ елі үшін құрбан болғандар! Сол себептен 2019 жылы «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев «Алаш» мәдениет және рухани даму институтымен бірігіп, бұрын белгісіз болып келген 700-ден астам тұлғаны құрайтын жергілікті Алаш қайраткерлерінің тізімін дайындады. Алаштанушы ғалымдардың зерттеулерінің негізінде жасалған тізімге көпшілік қауымға есімдері ұмыт болған әр өңірдің жергілікті Алаш қайраткерлері енгізілді. Әрбір облыс, қала әкімдеріне сол жерге қатысы бар, сол жерден шыққан алашшыл азаматтардың тізімі жіберіліп, олардың аттарың жергілікті жердегі көше, мектеп, т.б. нысандар атауларына қолдануды ұсынған болатынбыз. Бірақ алынған жауаптар көңілге қонбайды. Көбінесе жауаптар жалтарма сипатта, бұған дейін Алаштың ел аузындағы жиырма шақты танымал басшысының есімдерін атаумен шектелген, - дейді депутат.

Оның айтуынша, шенеуніктер Алаш идеясын бүкіл қазақ оятатын, біріктіретін ұран емес, кейбір адамдардың көзқарасы ғана деп көрсеткісі келетін сияқты.

«Ақ жол» партиясы бұндай әрекеттермен, әрине, келісе алмайды. Мысалы, біз Алашорда үкіметінің орталығы болған Семей қаласы бар Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің өзіне ғана Алаш арманы үшін айқасқан 125 адамның тізімін жібердік! Атап айтсақ, Тұрағұл Абайұлы, Биахмет Сәрсенов, Хамит Тоқтамысов,  Жахабай Әтікұлы, Жұбандық Болғанбайұлы және тб. Олардың барлығы еліміздің азаттығы үшін өз өмірлерің саналы түрде құрбан етті. Осы 125 батырдан бір адамның аты ескерілді ме? Жоқ. Ең өкініштісі – осындай жағдай барлық облыстар мен қалаларда да қалыптасып отыр, - дейді Қазыбек Иса.

Ол мұндай әділетсіздікті үлкен саяси қателік деп есептейтінін айтты. 

Сол себептен «Ақ жол» партиясы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойының қарсаңында Алаш қайраткерлерінің есімдерін ономастика тұрғысында қолдануды жөн санап, аталған тізімді Үкіметке жіберіп отырмыз. Осыған байланысты «Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары, 2019 жылы біз жолдаған хаттарды жергілікті әкімдіктерге қайта көтеруді тапсырып, мыңдаған Алаш арысының қасиетті есімдерін жергілікті жерде ұлықтау шараларын бақылауға алуыңызды сұрайды, - деді депутат.

Өзгелердің жаңалығы