Саясаттанушы: Елдің кез келген азаматы депутаттыққа үміткер бола алатын мүмкіндік туды

20 Қаңтар 2023, 15:23
2380
Бөлісу:
Саясаттанушы: Елдің кез келген азаматы депутаттыққа үміткер бола алатын мүмкіндік туды

Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, саясаттанушы Қазбек Майгелдинов деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Мемлекет басшысы кезектен тыс Парламент Мәжілісінің сайлауы 19 наурызда өтетіні туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл сайлаудың өтуін былтыр 1 қыркүйектегі Жолдауында Президент алдын ала электоралды циклдің бөлігі ретінде атап өткен болатын. Біріншісі – кезектен тыс өткен Президент сайлауы. Одан кейінгісі биыл өтетін кезектен тыс Парламент сайлауы. Бұл сайлаудың негізгі өзгешеліктері бар. Соның бірі – Президент жүргізіп жатқан саяси реформалардың нәтижесі ретіндегі референдум аясындағы Конституцияға енгізілген өзгерістер. Соның аясында сайлау, саяси партиялар туралы заңнамаларға өзгерістер енді. Атап айтсақ, бұл партия құруға шектің төмендетілуі. Егер алғашқыда 40 мың болса, одан кейін 2020 жылдары саяси реформалардың екінші, үшінші пакеті кезінде 20 мыңға азайтылды. Қазір 5 мыңға дейін төмендеді. Бұл өз кезегінде елімізде жаңа партиялардың пайда болуына түрткі болды. Қазіргі кездің өзінде екі партия тіркелді. Одан бөлек, биыл Мәжіліске өту шегі 7 пайыздан 5 пайызға азайтылды, - деп атап өтті Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата мүшесі.

Айтуынша, бұл саяси партиялардың жаңадан құрылуы емес, сол құрылған жаңа партиялардың, жалпы партиялардың Мәжіліске өту мүмкіндігін арттырды. 

Сондықтан бұл сайлау науқанына елде бар 7 саяси партияның бәсекелестігі арта түседі. Осыдан жарты жыл бұрын саяси науқан өтетіні туралы мәлімдеме сол кезде тіркелген 5 саяси партияға үлкен мүмкіндік ұсынды. Олар 6 ай ішінде саяси бағдарламасын, саяси платформасын, жалпы өз электоратының жұмысын кеңінен насихаттауға мүмкіндік берді. Ал жаңадан құрылған саяси партиялардың өзі басқаларға қарағанда саяси жолын енді бастайды. Дегенмен, әлеуметтік желі дамыған ақпараттық қоғамда өмір сүріп жатқаннан кейін олар да дұрыс жолға қойылған саяси менеджмент пен технологияның арқасында мүмкіндіктерін пайдалана алады. Мәжілісте орын алатын үшінші өзгеріс – сайлау жүйесінің өзгеруі, яғни пропорционалды-мажоритарлы жүйе арқылы сайлауға түседі. Республикалық деңгейде 70-те 30, облыстық және республикалық маңызы бар қалалар деңгейінде 50-де 50, ал аудан деңгейінде 100 пайыздық мажоритарлық бір мандатты округ арқылы шығады. Бұл аймақтардағы белсенді азаматтардың, азаматтық қоғам өкілдерінің, кез келген Қазақстан азаматының депутаттыққа ұсынылуына мүмкіндік тудырады деген сөз, - деді саясаттанушы. 

Сондай-ақ ол алдағы уақытта тек саяси партия, саяси күштердің өкілдері ғана емес, Мәжілісте өзін-өзі ұсыну арқылы келген депутаттық корпусты жаңа, сапалы деңгейге көтеруге жол бастайды деп отыр. 

VIII шақырылымның депутаттарына қойылатын талап та жоғары. Өйткені қазіргі таңда Президенттің 7 жылға арналған сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудағы ең бастысы – сайлауды сапалы әрі мерзімінде өткізуге талап қойылады. Мәжілістің де қызметі өзгерді. Оның заңнамалық құзыреті күшейді. Бұрын заңды бекіту құзыреті Сенатта болса, қазір керісінше Мәжіліске берілді. Жоғары аудит палатасын жылына екі рет шақыруға мүмкіндік алды. Мұның барлығы ертең келетін депутаттардан жоғары білімді, қызметінде де қарқынды жұмыс істеуге итермелейтін фактордың бірі. Алдағы сайлаудан өткен мәжілісмендерге қойылатын талап та күшейеді. Соңғы маңызды мәселе – бір мандатты округтен келген депутаттарға өздерінің ғана емес, сайлаушылардың құқығын да кеңейту үрдісі көзделді. Ол императивті, яғни қайтарымды мандат күшіне енеді. Соның нәтижесінде сайлаушылар қандай да бір депутаттың жұмысына көңілі толмаса, оның мандатын қайтаруға мүмкіндік алды, - дейді Қазбек Майгелдинов. 

Өзгелердің жаңалығы