Елордада жоғары оқу орындарындағы тәрбие жұмысының өзекті мәселелеріне арналған форум өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары білім саласында жүргізіліп жатқан реформаларды түсіндіріп өтті.
Негізгі бағыт - жоғары білім. Неліктен қазіргі таңда қолжетімділік үлкен сұраққа айналды? Демографиялық жағдай жылдам өзгеріп жатыр. Қазір студенттердің саны 626 мың болса, 2025 жылы 800 мыңға жуықтайды, ал 2030 жылы олардың саны миллионнан асып кетеді. Яғни қазір білім саласына көші-қон жүйесі өз әсерін тигізіп жатыр, - деді министр.
Ол бұған дұрыс дайындық жасау қажеттілігін айтты.
Елімізде жоғары білімге қолжетімділікті сақтау басты назарда тұр. Қазір жоғары білімге қолжетімділік 62%, - деп түсіндірді Саясат Нұрбек.
Жоғары оқу орындарындағы тәрбие жұмысының өзекті мәселелеріне арналған форумға ЖОО тәрбие ісі жөніндегі проректорлары, жастар саясаты департаменті директорлары және психологиялық қызмет басшылары қатысып жатыр.
Форум аясында жалпы отырыс, тәрбие ісі жөніндегі проректорларға, жастар саясаты департаменттерінің директорларына, психологиялық қызмет басшылары мен өкілдеріне арналған оқыту семинар-тренингтері өтеді.