"Саябақтың орнына тұрғын үй салынып жатыр": Алматыдағы шағынаудан тұрғындары үндеу жасады

Әкімдік тұрғындардың шағымына ресми жауап берді.

Бүгiн 2026, 15:25
АВТОР
 видео кадры Бүгiн 2026, 15:25
Бүгiн 2026, 15:25
242
Фото: видео кадры

Алматы қаласы Түрксіб ауданындағы Қайрат шағынауданының тұрғындары билікке үндеу жасап, өздері тұратын аумақта салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын тоқтатуды талап етті. Олардың айтуынша, бас жоспар бойынша бұл жерге саябақ пен қоғамдық жасыл аймақ салынуы тиіс болған.

Тұрғындардың сөзінше, қазіргі уақытта 716/30 жер телімінде құрылыс компаниясы көпқабатты тұрғын үй тұрғызып жатыр.

Біздің тереземіздің дәл алдында орналасқан бұл жерге егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес саябақ пен қоғамдық жасыл аймақ салынуы керек еді. Алайда қазір бұл жерде көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр, – дейді тұрғындар.

Олардың айтуынша, бұл мәселеге байланысты сәулет-құрылыс бақылау басқармасына бірнеше рет шағым түсірілген. Сондай-ақ e-otinish платформасы арқылы өтініш беріліп, мамандар бірнеше мәрте тексеру жүргізген.

Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, бұл құрылысқа қажетті техникалық құжаттар жоқ, жоба мемлекеттік сараптамадан өтпеген және құрылыс барысында заң талаптары өрескел бұзылған, – деп мәлімдеді тұрғындар.

Сонымен қатар олар соттың бұл құрылысты тоқтату туралы қаулысы бар екенін алға тартады.

Қазіргі таңда соттың шешімі бойынша құрылыс толық тоқтатылуы керек. Бірақ соған қарамастан құрылыс салушы бұл талаптарды елемей, жұмысты жалғастырып жатыр. Біз күн сайын соған куә болып отырмыз, – дейді олар.

Тұрғындардың айтуынша, жағдайды одан әрі күрделендіріп отырған тағы бір мәселе – жаңартылып жатқан бас жоспар.

Биыл күзде бекітіледі деп жоспарланып отырған соңғы бас жоспарда бұл жер телімінің нысаналы мақсаты тұрғын үй құрылысына өзгертілген. Соның салдарынан біздің шағынаудан тұрғындары саябақ пен жасыл аймақтан айырылып қалуы мүмкін, – деп алаңдаушылық білдірді олар.

Қайрат шағынауданының тұрғындары құрылыс жұмыстарының таңертеңнен кешке дейін тоқтаусыз жүретінін, одан шығатын шу балалар мен тұрғындардың тыныштығын бұзып отырғанын айтады.

Құрылыс таңертеңнен кешке дейін жалғасады. Үнемі шу болады. Бұл жерде тұратын адамдарға, әсіресе балаларға қалыпты өмір сүруге мүмкіндік бермей отыр, – дейді тұрғындар.

Олар құзырлы органдардан құрылысты толық тоқтатып, салынған нысандарды сүріп, оның орнына бастапқы жоспарға сәйкес саябақ салуды талап етті.

Біз, Қайрат шағынауданының тұрғындары, бұл құрылысты толық тоқтатуды, заңсыз салынған барлық құрылысты бұзуды және осы жерге тұрғындарға уәде етілген саябақ пен жасыл аймақты салуды сұраймыз, – деп үндеу жасады тұрғындар.

Редакция бұл жағдайға қатысты Алматы әкімдігінен түсініктеме беруін сұрады. Әкімдік қолданыстағы қаланың бас жоспарына сәйкес аталған жер учаскесі толықтай орта қабатты тұрғын үй құрылысы аймағында орналасқанын атап өтті. Ведомство мәліметінше, жер учаскесінің нысаналы мақсаты – көпқабатты тұрғын үй салу болған екен. 

2025 жылы Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы жер учаскесінің меншік иесіне көпқабатты тұрғын үйді жобалауға арналған сәулет-жоспарлау тапсырмасын берген. Алайда ұсынылған эскиздік жоба келісілмеген. Рұқсат беру құжаттарының толық топтамасы болмағандықтан, Қалалық жоспарлау бақылауы басқармасы әкімшілік шаралар қабылдап, анықталған заң бұзушылықтарды жою және құрылыс-монтаждау жұмыстарын тоқтату туралы нұсқама берген, - делінген жауапта. 

Бұл нұсқама талаптары орындалмағандықтан, Басқарма тарапынан Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа (МАЭС) талап-арыз берілген. 

Наверх