Сәуле Дүйсенова: Торғайда демалуға да, таным кеңейтуге де болады

22 Қазан 2020, 17:35
4201
Бөлісу:
Сәуле Дүйсенова: Торғайда демалуға да, таным кеңейтуге де болады
Сұхбат
Фото: автордан

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Торғайда туризмнің даму барысы қалай? Туристер мен инвесторларды не қызықтырады? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде Жанкелдин ауданы әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Сәуле Дүйсеновамен әңгімелескен едік. 

Тілші: Сәуле Бақытжанқызы, Торғайды көбісі тарихы бай мекен ретінде таниды. Бұл қасиетті орындар картасына енгізілген нысандардың көптігімен байланысты. Алайда туристерді қызықтыратын басқа да жерлер бар ғой, солай емес пе?

Сәуле Дүйсенова: Әрине. Иә, бізде үлкен турфирмалар, шипажайлар жоқ. Есесіне инвесторларды қызықтыратын мекендер бар. Біздің қазіргі мақсат – аудан аумағындағы ыстық су көздерін шипалы орын ретінде таныстырып, инвестор тарту. Торғай өлкесінде екі жерден ыстық су шығады: Қарғалыдан және Ақкөл маңындағы Тентексайдан. Мұндағы судың температурасы 70 градусқа дейін жетеді. Инвестиция құйылып, демалыс орны ашылатын болса, жұмыс орындары құрылып, тауар айналымы, өнім көлемі арта түсетіні айтпаса да түсінікті. Осы аталған екі жер мен тұзды көл көпшіліктің қызығушылығын тудырып отыр. Жақында Шымкенттен бір топ делегация келген еді. Аудан шалғай, жолдың шаршатқаны болмаса, олар табиғат берген сыйға тамсанып кетті. Шипалы сулардың, тұзды көлдің маңында бірер күн жатып, демалып кеткен басқа да қонақтар аз емес. Оны өздеріңіз де әлеуметтік желіден көріп жүрген боларсыздар. Міне, осылайша, жұрт бізде де әдемі жерлер барын біле бастады.

Тілші: Туристердің назары экотуризмге де ерекше ауып тұр демексіз ғой?

Сәуле Дүйсенова: Солай деуге негіз бар. Торғайда экотуризммен бірге этнотуризмді де дамытуға болады. Соған байланысты біз ұсынып отырған жоба – киелі орындарға туристік сапар. Мәнісі былай: туристер аудан орталығындағы бес музейді аралап, жолай Шұбалаңдағы Баймырза әулие кесенесіне, одан әрі Қазыбай әулие мазарына соғады. Содан соң Көкалат, Көлқамыс ауылына барып, киіз үй ішінде ұлттық тағамдардан дәм татса, атқа, түйеге мініп көрсе дейміз. Ауылда бір күн тынықтырып, Тентексайдағы ыстық суға, одан әріректегі Ақкөлдің басына, Қаратұзға апарса, қандай тамаша демалыс болар еді.

Тілші: Бұл істі қолға алуға ынта білдірген ешкім болмады ма?

Сәуле Дүйсенова: Қазір инвесторлар табылып тұр. Бәрі осы елден шыққан жігіттер. «Туған жер» бағдарламасы аясында елді дамытуға қосқан үлесіміз осы болсын» дегенді айтады олар. Бір кәсіпкер Қаратұздан бассейн ашамын деп отыр. Сонда туристерге арнап жатын орын салмақ ниеті бар. Ақкөлдің жағасына да шағын қонақ үйлер тұрғызады. Келген жұрт балық аулап, көлге түсіп демалады. Тентексайдағы шипалы ыстық су шығатын орынды да қалыпқа келтіріп, жан-жағын қоршап, шағын шипажайға айналдырмақ.

Ауданда аңшылықпен айналысуға арналған бес орын бар. Оның біреуі – Құмшық. Басындағы үш үй жөнделді. Қыстыгүні сонда қона жатып, аңшылыққа шығуға болады. Бұл да туристерді қызықтыруы тиіс – біздің бір бағытымыз.

Облыстық мәслихат депутаты, өңіріндегі туризмге ерекше мән беріп жүрген Гүлмира Қапенованың бастауымен Торғайға екі рет туристер келіп кетті. Амандық Әмірхамзин деген азамат «Тылсым Торғайға тур» жобасын ұйымдастырып, астанадан бірнеше адамды әкеліп тұрады. Жомарт Түбекбаев ағамыз да жақында бір топ азаматтарды ертіп келді. Көбіміз Жасыбай, Бурабайды айта береміз. Бізде де тұмса табиғат бар. Мысалы, Алтыбай – қазіргі түсінікпен суреттегенде фотосессия жасауға таптырмайтын жердің бірі.

Тілші: Туризмді дамытуға басқа қандай қадамдар жасалып жатыр?

Сәуле Дүйсенова: Туризмді дамыту әрі жас ұрпақ бойында патриоттық рух қалыптастыру мақсатымен қасиетті орындарға оқушылардың саяхаты ұйымдастырылып тұрады. Арқалықтағы педагогика институтына «Серпін» бағдарламасы арқылы оқуға студенттерді Әбілқайыр хан кесенесіне апарамыз деп жоспарлаған едік. Бірақ пандемияға байланысты оған бара алмадық. Хан жерленген зират кездейсоқ табылған деседі. Бір қойшы көп жылан үймелеген жерде көптеген бағалы зат тауып алыпты. Онда бес адам жерленген екен. Ғалымдар зерттей келе, оның мәртебелі тұлға екенін, кейін Әбілқайыр ханның зираты екенін анықтаған.

Тілші: Өңірге туристердің ағылуы қалай? Өсім бар ма?

Сәуле Дүйсенова:Бір жазда Торғайға орта есеппен мыңға жуық адам келеді екен. Сырт жақта уақытша жүрген тұрғындарын есептемегенде. Қонақтар ең кем дегенде музейге соғып, елдің тарихына қанығып кетеді. Барған жерінде «мынаны көрдім, осындай жер бар екен» деп айтып жүреді. Біз үшін, Торғайдың туризміне жасалған үлкен жарнама сол емес пе?!

Дегенмен биылғы шектеу шараларына байланысты келушілер сәл саябырсып қалды. Қонақтарды көбіне қызықтыратыны – этнотуризм. Содан соң бізде барлық өнім таза. Өткенде бір журналист «сіздерде экологияның таза екенін қайдан білесіз?» деп сұрайды. Мен елде әзірге ешқандай зауыт жоқ екенін алға тарттым. Төрт түлігінің жайылымы уланбаған. Торғайда жайылған малдың еті ерекше дәмді. Сондықтан да сұраныс жоғары. Міне, осының өзі бірталай дәлел.

Тілші: «Барайын десем, жол шалғай». Елге барғандардан жиі еститін әңгімем осы...

Сәуле Дүйсенова:Рас, жолдың шалғайлығы қиындау. Бірақ қонақтар кең жазыққа қарап, миы тынығып қалғанын айтып жатады. «Қалада көпқабатты үйлер, күннің қалай шығып, қалай батқанын көрмейміз» дейді. Ал ондай сұлулықты біз күнде тамашалаймыз. Бұрында бір ақын ағамыз «Торғай – қалың ағаш өспегенімен, қадірлі азаматтарды тәрбиеленген жер» деген баға беріпті. Мұндағы қара орман қазақтың қонақжайлығына талай жұрт таңданып кеткен. Сондықтан, меніңше, демалғысы, қаланың қарбаласынан тыныққысы келетін адамға жолдың алыстығы кедергі болмауы тиіс. Мұнда келген турист Ахаң мен Жахаңның туған жерін көріп, көптеген мағлұматқа қанығып, танымын кеңейтіп қайтады.

Тілші: Қасиетті орындар картасына Жанкелдин ауданынан қанша нысан енгізілген?

Сәуле Дүйсенова:Жеті нысан енгізілген. Соның бірқатарына тоқтала кетейін. Міржақып Дулатұлы кесенесі бар. 1992 жылдың қазан айында арыстың сүйегі Карелиядан елге жеткізіліп, Бидайық ауылында қайта жерленген еді.

Сарытүбек ауылы – қоғам және мемлекет қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туған жері. Ақкөл ауылына жақын тұста текті әулеттің үлкен қорымы бар. Осы жерде Ахметтің әкесі Байтұрсын, ағалары Қали мен Машен жерленген.

Қарасу ауылдық округінің Шоқыркөл мекенінен 12 шақырым жерде атақты кобызшы және емші Тілеп Аспантайұлының бейіті орналасқан. Ауырған адамдар мен перзент сүйе алмай жүрген отбасылар қабір басына зиярат етіп, түнейді. Тілептің мұрасын насихаттап жүрген Қазақ Ұлттық саз академиясы студенттері ұйымдастырған «Тілеп» халық аспаптар ансамблі 2004 жылы Мәскеуде Владимир Спиваков атындағы халықаралық қайырымдылық қоры ұйымдастырған байқаудың лауреаты атанды. Халық арасында Тілеп Аспантайұлы халық емшісі, көріпкел ретінде де танымал болды. Адамдарды емдеген қасиетті қара қобыз ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келеді.

Қазыбай әулие кесенесі Аралбай ауылының аумағында орналасқан. Қазыбай әулие Ақпанұлы шамамен ХVІІ ғасырдың соңғы ширегінде өмір сүрген. Қойшығара Салғарин келтірген мәліметтерге сүйенсек, Қазыбай бабамыз осы Торғай өңірінде, қазіргі Аққұм жерінде 1664 жылы дүниеге келіп, 78 жасында өмірден өткен. Қазыбайдан он бір ұрпақ тарап, сонша ауыл болып өскен. Кейбірі жеке руға айналған. Қазыбай білімді, еліне қамқор, болашақты болжай білетін әулие кісі болған.

Албарбөгет те ел білуі тиіс нысанның бірі. Ел қамын ертеден ойлаған Торғайдың тұңғыш гидротехнигі Айса Нұрманұлының басшылығымен Қабырға өзенінің алқабында орнатылған. Құрылысы қол күшімен 1924 жылы басталып, 1926 жылы аяқталған.

Бөгет 55-60 миллион текше метр суды ұстап тұрады. Кеңес Одағы жылдары Албарбөгеттің батыс жағы алты кеңшарды сумен қамтамасыз етті. Ал шығыс жағы Аманкелді ауданындағы Крупская атындағы кеңшарды және Қабырға, Үрпек ауылдарын, Қараторғай, Сарыторғай шаруашылықтарын сулы етті. Көктемде өзен тасып, шабындық пен жайылымның өсуіне қолайлы. Албарбөгетке пайдаланылған бөренелер 400 шақырымдағы Аманқарағайдан түйе керуенімен әкелінген. Су екпіні топырақты жырып кетпеу үшін шыбықтан шыпта тоқылып, бөгеттің жел жақ бетін топырақ салынған қапшықтар үйілді. Қысқасы, Қабырға өзенін бөгеген ұзындығы 17 шақырым болатын бөгет бір техникасыз, адамдардың таза қол күшімен салынды.  

Ерекше орындар қатарына енуге тиіс мекендер де бар. Мысалы бұрын Науырзым қорығы аумағында болған Сарықопаны айтуға болады. Онда мың бір түрлі өсімдік, құстың жүздеген түрі бар.

Сарықопа суреттеуге тіл жетпеген,

Қойнынан он екі айда ел кетпеген.

Балауса бал құрағы жұпар шашып,

Қалады бір иіскесең сергіп денең, - деп Ғафу Қайырбеков жырға қосқан. Міне осы мекен қайтадан Науырзым қорығы құрамына кіргізілсе, жақсы болар еді.

Өзгелердің жаңалығы