Алматыда блогер әрі кәсіпкер Сәуле Ермаханова пластикалық операциядан кейін қайтыс болған. Оның отбасы клиникаға қатысты ауыр айып тағып отыр. Марқұмның келіні әлеуметтік желіде жазба жариялап, анасының (енесінің) өліміне байланысты көптеген сұрақ жауапсыз қалып отырғанын мәлімдеді. Блогердің Instagram парақшасында 1,1 млн оқырманы бар. Ол эстрада жұлдыздарымен белсенді араласқан.
Оның айтуынша, биыл 15 мамырда Сәуле Ермаханова Алматыдағы жеке клиникаға жергілікті анестезиямен жасалатын жоспарлы липосакцияға барған. Дәрігерлер ота шамамен бір жарым сағатқа созылатынын айтқан. Алайда бұл операция отбасы үшін қайғылы жағдаймен аяқталған.
"Сұрақтарға жауап бермеді"
Марқұмның келіні операция уақыты ұзап кеткенімен, дәрігерлер туыстарына ешқандай ақпарат бермегенін жазды.
"Бір сағат. Бір жарым. Екі. Үш. Сұрақтарға жауап бермеді. Тек үнсіз отырды", - деді ол.
Келінінің сөзінше, анасының қайтыс болғанын клиника туыстарына тек кешкі сағат 18:00 шамасында хабарлаған. Ал жедел жәрдем көлігі оқиға орнына тек 19:00-де келген.
Ол анасының үш сағат бойы жабық есіктің ар жағында жалғыз жатқанын айтып, отбасы сол сәтте не болып жатқанынан бейхабар болғанын жеткізді.
"Неге жедел жәрдем бірден шақырылмады?"
Марқұмның туыстары қазірге дейін көптеген сұраққа жауап ала алмай отырғандарын айтты.
Олардың сөзінше, дәрігерлер не себепті өлім туралы бірден хабарламағаны, осы уақыт аралығында қандай әрекет жасалғаны және әйелді құтқаруға талпыныс болған-болмағаны түсініксіз.
Біз олардың осы уақыт бойы не істегенін білгіміз келеді. Анамызды құтқаруға әрекет жасалды ма? Неге жедел жәрдем бірден шақырылмады?, - деп жазды келіні.
"Клиника жұмысын тоқтатпаған"
Отбасы клиниканың оқиғадан кейін де жұмысын жалғастырып жатқанына наразы екенін мәлімдеді.
Марқұмның келінінің айтуынша, төрт күннен кейін отбасының таныстары WhatsApp арқылы клиникаға жаңа клиент ретінде хабарласқан. Сол кезде оларға қызмет бағаларын жіберіп, ақылы онлайн-консультация ұсынылған және келесі аптаға операцияға жазылуды ұсынған.
Оның сөзінше, анасының өлімінің мән-жайы әлі анықталмағанына қарамастан, клиника жаңа пациенттерді қабылдауды жалғастырып отыр.
Отбасы әділ тергеу талап етті
Сәуле Ермаханованың туыстары журналистерден, блогерлерден және қоғам белсенділерінен оқиғаны жария етуге көмектесуді сұрады. Олар клиника қызметін уақытша тоқтатып, жағдай толық анықталғанға дейін әділ тергеу жүргізуді талап ететіндерін айтты.
Марқұмның келіні анасының әлеуметтік желіде миллиондаған аудиториясы болғанын атап өтті.
Көпшілік оны танитын. Бірақ біз үшін ол жай ғана анамыз және апашымыз еді - мейірімді, қамқор, өмірге құштар жан болатын, - деп жазды ол.
Сәуле Ермаханова 53 жаста болған. Отбасының айтуынша, оның болашаққа қойған жоспары көп еді. Қазір бұл факі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Марқұмның жақындары соңына дейін күресетіндерін мәлімдеді.
Біз шындық үшін, әділдік үшін және мұндай жағдай ешкімнің басына түспеуі үшін күресеміз, - деді келіні.
Жазба авторы Алдия жолдасымен бірге осы іс бойынша ресми өкіл екенін атап өтті.
Жолдасым - Сауле Базархановнаның ұлы. Тергеу органдары оны жәбірленуші деп таныды. Сондықтан біз осы мәлімдемені жасап, анамыздың қазасына қатысты мән-жайды жария ету үшін қоғамнан қолдау сұрадық. Сараптама жүргізуге уақыт қажет. Тергеу жалғасып жатыр. Біз істің әділ әрі ашық тергелуін соңына дейін талап етеміз, біздің жасыратын түгіміз жоқ. Тексерілмеген ақпарат пен қауесеттерді таратпауды сұраймыз, - дейді марқұмның келіні.
Полиция не дейді?
Алматының Бостандық ауданына қарасты полиция басқармасы блогер әрі кәсіпкер Сәуле Ермаханованың өліміне байланысты қылмыстық іс қозғады.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, қазір сотқа дейінгі тергеу аясында қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Сотқа дейінгі тергеу шеңберінде барлық қажетті тергеу іс-шаралары кешені жүргізілуде. Оның қорытындысы бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады, - деп хабарлады Алматы полиция департаменті.