ҚР Сауда және интеграция министрлігі Электрондық сауда алаңдарында орналастыруға және сатуға тыйым салынған және шектелген тауарлардың тізбесін жасақтады.
Министрліктен түсіндіргендей, бұл құжат қолданыстағы заңнамалық нормаларды біріктірген. Тыйым салынған тауарлардың тізіміне мыналар кірді:
-
атыс қаруының жекелеген түрлері;
-
белгілі бір техникалық сипаттамалары бар ұзын ұңғылы атыс қаруы;
-
жүзінің ұзындығы 90 миллиметрден асатын автоматты пышақтар;
-
сауыт бұзатын, өртейтін, жарылғыш және трассерлік оқтары бар, сондай-ақ ауырлық орталығы ығысқан патрондар;
-
шегілмейтін темекі бұйымдары;
-
никотинді тұтынудың электрондық жүйелері (вейптер);
-
вейптерге арналған сұйықтықтар мен хош иістендіргіштер;
-
заңнамада көзделген жағдайларды қоспағанда, сексеуіл ағашын кесуге тыйым салынған кезеңде одан жасалған өнімдер.
Бұл тізімді жариялау электрондық сауданың ашықтығын арттыруға бағытталған. Ол электрондық сауда алаңдарының иелеріне, интернет-дүкендерге, сатушыларға және электрондық сауданың басқа да қатысушыларына қолданыстағы шектеулер туралы өзекті ақпаратты жедел алуға және тауарларды орналастыру мен сату кезінде заңнама талаптарын ескеруге мүмкіндік береді, - деп хабарлады Сауда министрлігінен.
Сонымен бірге, министрлік бұл құжаттың тек ақпараттық сипатта екенін және жаңа тыйымдар енгізбейтінін баса айтты. Ол тек заңнаманың қолданыстағы нормаларын жүйелейді. Тізім заңнамаға өзгерістер енгізілуіне және мемлекеттік органдардан ақпараттың түсуіне қарай жүйелі түрде жаңарып отырады.
Осылайша, бұл тізбенің болуы электрондық сауда алаңдарына тауар карточкаларын модерациялау кезінде бірыңғай тәсілдерді қолдануға, ал сатушыларға өз өнімдерін өткізу мүмкіндігін алдын ала бағалауға жағдай жасайды.
Айта кету керек, тізбе ақпараттық-анықтамалық сипатта болады және Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданыстағы талаптарын жүйелеп, олардың қолжетімділігі мен қолдануға ыңғайлылығын қамтамасыз етеді.
Сауда және интеграция министрлігі электрондық сауда саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган. Ал құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда әкімшілік жауаптылыққа тарту Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес құзыретіне жатқызылған мемлекеттік орган арқылы жүзеге асырылады.