Сауда министрі азық-түлік бағасы не себепті қымбаттап кеткенін түсіндірді

6 Сәуір 2022, 13:53
2127
Бөлісу:
Сауда министрі азық-түлік бағасы не себепті қымбаттап кеткенін түсіндірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің кулуарында Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтан журналистер не себепті отандық тауарлардың бағасы қымбаттап кеткенін сұрады.

Оның әр түрлі объективті де, субъективті де себептері бар. Субъективті себептердің болмауы үшін арнайы тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мысалы, шағын дүкендерде қанттың бағасы 40-50%-ға өскендіктен, мониторинг топтары оларды аралап шығып, сауда үстемесін 15%-ға дейін төмендетті, - деп атап өтті министр.

Оның сөзінше, өндіріс жағында да проблемалар бар. Мысалы, сүт өнімдері бойынша,

Сүт өнімдерінің 60%-ы бойынша шикізаттың бағасы өсіп барады. Атап айтқанда, жемнің және Ресейден алып келетін қаптаманың бағасы да қымбаттап, өзінің әсерін тигізіп отыр, - дейді Бақыт Сұлтанов.

Ол делдалдарды тексеріп, олардың көтеріп отырған бағаларын тежеп, реттеп отырғанын айтты. Сұлтановтың пікірінше, әлемдегі геосаяси жағдай теңгенің бағамына әсерін тигізіп отыр. 

Қазіргі күні бірқатар тауар бойынша бағаның өсуі тоқтатылды деп есептеймін. Елімізде 19 азық-түлік түрі бойынша шамамен миллион тонна қор бар. Жақында піскен көкөністер де түседі. Сондықтан азық-түлік тапшылығы болмайды. Баға көтерілуінің негізгі факторлары тоқтатылды. Ақпанда айырбастау курсы күрт жоғарылып кеткен болатын. Бұл да сол кезде өз әсерін тигізді. Сол себепті барлық субъективті факторды жою бойынша жұмыс істеп жатырмыз, - деп толықтырды Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі.

Өзгелердің жаңалығы