Сатыбалдыұлы бойынша мемлекетке тағы 50 млрд теңге қайтару жоспарланып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ағымдағы жылы 11 сәуірде Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты қылмыстық істі қарау шеңберінде сот (ҚК 218-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы) прокурордың өтініші бойынша заңсыз сатып алынған активтерді қайтару жөніндегі рәсімдерді орындау қажеттілігіне байланысты процестік келісім жасасу үшін қосымша мерзім беру туралы шешім қабылдады.
Атап айтқанда, сотталушының жалпы сомасы 50 млрд теңгеден асатын қосымша мүліктік активтерін мемлекет пайдасына қайтару туралы мәселе қаралуда.
Бұған дейін хабарланғандай, тергеу барысында Қайрат Сатыбалдыұлы өз кінәсін толық мойындап, қылмыстық жолмен алынған мүлікті ашуға ықпал еткен. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезеңінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сотталушының және онымен байланысты тұлғалардың жалпы сомасы 732 млрд теңгеден астам мүліктік активтері мен ақшалай қаражатын мемлекет пайдасына (әкімшілік ғимараттар, эксклюзивті зергерлік бұйымдар, люкс үйлер, пәтерлер мен автокөліктер, компаниялардағы акциялар мен қатысу үлестері, теміржол жолдары мен ақшалай қаражат, шетелдік мүліктерімен қоса) қайтаруды қамтамасыз етті.
Айта кетейік, осы тұлғаға қатысты салық төлеуден және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерден жалтару фактісі бойынша тергеу жалғасып жатыр.
Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлына және басқа да тұлғаларға қатысты «Қазақтелеком» АҚ мен «Көліктік сервис орталығы» АҚ қаражатын аса ірі көлемде ұрлау фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтағанын хабарлаған еді.
Қайрат Сатыбалдыұлы 2022 жылдың 13 наурызында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын.
Былтыр қыркүйекте Қайрат Сатыбалдыұлының ісі бойынша сот үкімі жарияланды. Ол 28-баптың 3-бөлігі, 189-баптың 4-бөлігі 2-тармағы, 195-баптың 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Қайрат Сатыбалдыұлына мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан 10 жыл мерзімге айырыла отырып, 6 жылға бас бостандығынан айырылған еді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты қылмыстық істерді тергеу шеңберінде мемлекетке 732,8 млрд теңге қайтарылғанын мәлімдегенін еске сала кетейік. Сонмен қатар Қайрат Сатыбалдыұлы өзіне тағылған айыпты мойындаған болатын.