Қайрат Сатыбалдыұлы өзіне тағылған айыпты мойындады

1 Сәуір 2024, 11:17
964
Бөлісу:
Қайрат Сатыбалдыұлы өзіне тағылған айыпты мойындады
Фото: gov.kz

Елордада Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта Қайрат Сатыбалдыұлының соты өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сот процесі онлайн форматта өтіп жатыр.

Сотта прокурор Қайрат Сатыбалдыұлына қандай айып тағылып отырғанын оқып берді.

Сатыбалдыұлының үстінен Қылмыстық кодекстің 218-бабының 3-бөлігі, 3-тармағы бойынша сот жүріп жатыр. Яғни оған қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге де мүлікті заңдастыру (жылыстату) туралы айып тағылып отыр. Бұл баптың санкциясы мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.

Судья Қайрат Сатыбалдыұлынан тағылған айыпты мойындайтынын-мойындамайтынын сұрады.

Мен толығымен мойындаймын, құрметті сот, - деді Сатыбалдыұлы сотта.

Ол прокурордың айыптау қорытындысында көрсетілген сомалармен келісіп, дәлелдерді дауламайтынын айтты.

Прокурор мен Қайрат Сатыбалдыұлы арасында процессуалдық келісім жасау мәселесі қаралып жатқандықтан, сот отырысын белгісіз мерзімге кейінге қалдыру туралы шешім қабылдады.

Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлына және басқа да тұлғаларға қатысты «Қазақтелеком» АҚ мен «Көліктік сервис орталығы» АҚ қаражатын аса ірі көлемде ұрлау фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтағанын хабарлаған еді.

Қайрат Сатыбалдыұлы 2022 жылдың 13 наурызында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын. 

Былтыр қыркүйекте Қайрат Сатыбалдыұлының ісі бойынша сот үкімі жарияланды. Ол 28-баптың 3-бөлігі, 189-баптың 4-бөлігі 2-тармағы, 195-баптың 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Қайрат Сатыбалдыұлына мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан 10 жыл мерзімге айырыла отырып, 6 жылға бас бостандығынан айырылған еді. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты қылмыстық істерді тергеу шеңберінде мемлекетке 732,8 млрд теңге қайтарылғанын мәлімдегенін еске сала кетейік. 

Өзгелердің жаңалығы