Сатыбалды: Тұрғындарды ауыз сумен, газбен, инфрақұрылыммен қамту – басты міндет

10 Қараша 2022, 18:15
862
Бөлісу:
Сатыбалды: Тұрғындарды ауыз сумен, газбен, инфрақұрылыммен қамту – басты міндет

Түркістан облысында елді мекендерді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша өзекті мәселелерді шешуге күш салынады. Тұрғындарды таза ауыз су, жарық, газбен қамту, жол мәселелері – басты назарда. Осы мақсатта бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалды салаға жауапты басшыларымен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Басқосуда ауыз сумен қамтамасыз ету үшін салынып не қайта құрылып жатқан нысандар бойынша кемшіліктер ортаға салынды. Құрылысы бітпеген не созылған жобалар талқыланды. Облыс басшысы бұл саладағы проблемаларды түбегейлі шешу бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Тұрғындарды ауыз сумен, газбен, инфрақұрылыммен қамту – басты міндет. Облысты инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесі апта сайын тұрақты түрде қаралып тұратын болады. Түйткілдер болса, бірлесіп шешу жолын табайық. Ауыз су мәселесін терең талдап, аудан, қала әкімдіктері, басқармалар немесе облыс әкімдігі деңгейінде шешілетіндерін нақтылап берген жөн. Арнайы жоспар құрып, жүйелі жұмыс істеуіміз керек, – деді Дархан Сатыбалды.

Түркістан облысында 831 елді мекеннің 712-сі (7 қала, 705 ауылдық елді мекен) немесе 85,7 % ауыз сумен қамтамасыз етілген. Жоспарға сәйкес, облыстағы 119 елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарлануда. Қажетті қаржы көлемі – 21,7 млрд. теңге.

Осы мақсатта биыл 21 нысанға (23 е.м.) 5,1 млрд. теңге бөлінді. Он нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Қалғаны келер жылға өтпелі. Нәтижесінде 23 елді мекен ауыз сумен қамтылып, облыста ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 87 %-ға жетеді.

Жиында оңтүстік аудандарды (Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Жетісай, Мақтаарал) сапалы ауыз сумен қамту мәселесі көтерілді. Оны шешу үшін «Түркістан облысындағы Өгем өзеніндегі су электр станцияларының каскады мен су құбыры» жобасын инвестиция тарту арқылы іске асыру жоспарлануда.

Кентауда жер асты суларын төмендету жүйесін салу жобасының бірінші кезеңі аяқталуға таяды. Бірегей жобаның барысы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыға баяндалды. Кенді шаһарда салынып жатқан жер асты суларын төмендету жүйесі толық жүзеге асқан соң Кентаудағы апаттың алдын алу мәселесі шешіліп, жиналған су тиімді пайдаланылмақ. Тартылған су «Қосқорған» су қоймасына құйылады. Түркістан өңіріне қосымша 70 млн. м3 дейiнгi ағын су жеткізілетін болады.

Жоба аясында бұрынғы шахтаға түсетін ғимараттың ішіне 60 м тереңдікте 11 сусорғыш орнатып, «Кеншілер» саябағында орналасқан бетонды арыққа құю арқылы қала ішімен алып өту қарастырылған. Нәтижесінде Кентауда жасанды көл пайда болады. Жоба бойынша 1,5 мың шақырым жол қазылып, 5,5 шақырымға құбыр жүргізілді.

Өзгелердің жаңалығы