Сатқанбаев: Референдум - халыққа Жаңа Қазақстанды құру мүмкіндігін береді

7 Мамыр 2022, 12:33
2728
Бөлісу:
Сатқанбаев: Референдум - халыққа Жаңа Қазақстанды құру мүмкіндігін береді

Шымкент, BAQ. KZ тілшісі. Шымкентте Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдумды қолдау бойынша қоғамдық штаб құрылды. 

Енді қоғамдық штаб қатарына адам қабылдау жүріп жатыр екен. Мұны Шымкент қаласы Ақпарттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте штаб төрағасы Еркін Сатқанбаев айтты. 

Оның айтуынша, қазір штабқа хабарласып жатқандар көп. 

Штабымыз құрылды. Қатысқысы келетінін айтып, үні мен пікірлерін жеткізуге көп азамат өтініш білдіріп жатыр. Қоғамдық штабымызға кімдер мүше болады? Енді бұл жерде жаңадан ұсыныс болып жатыр. Әзірге (2022 жылғы 6 мамыр кешкісін — ред.) 30 шақты адамның аты ұсынылды. Қаланың қоғамдық кеңес мүшелері, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, Азаматтық альянс мүшелері, егер ерікті болып, өтініш білдіріп келіп жатса мәслихат депутаттары, ардагерлер кеңесі, жастар ұйымдары да кіреді. Ғалымдарымыз бен партия өкілдері де кіруі мүмкін. Журналистер, блогерлер, этномәдени орталықтар жетекшілері де болады, — дейді ол. 

Ол адамдардан ұсыныс түсіп жатса, мұны қарайтындарын айтады.

Ертеңгі референдум шын мәнінде халыққа қажет екенін түсінген азаматтардың бәрі де осы қоғамдық штаб жұмысына қатысатын болса, болашағымызды ойлайтын адамдардың партиоттық сезімі деп түсінеміз. Өз бетінше келген адамдарды қабылдаймыз. Ұсыныс түсіп жатса, қараймыз. Бізге қоғамдық штаб мүшелерінің неғұрлым көп болғаны жақсы. Бұл қоғамдық кеңес қой. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар шет қалып қойып жатады. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар да айналасындағы адамдарға референдум не үшін қажет екенін түсіндіріп айтуға мүмкіндігі болатын болса, біз мұны қолдаймыз, — дейді Еркін Сатқанбаев. 

Оның сөзінше, Конституцияға енгізілетін өзгерістерді таныту-таныстыру, халықты референдумға қатысуға үндеу жұмыстары қаладағы 55 сектор бойынша жүреді.

Шымкентте 4 аудан бар. Барлығы 55 секторға бөлінген. 55 сектордың модераторлары бар. Жергілікті жерде сайланған. Ертең біз соларды шақырып, олармен бірге жұмыс істейміз. 55 сектордың ішінде бақылау инспекциясы, жергілікті жұрт өзін-өзі басқару өндірістік кооперативтерді, сондағы мектептерді қандай проблемаларды болса, соны әкімге айтып, жеткізіп, шешу мәселесі жөнінен үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Шымкент қаласы әкімінің есебі боп жатыр. Сол сайланған бақылау модераторлары есеп беру кездесуіне халықтың келуін өте жақсы ұйымдастырып, қамтамасыз етіп, түрлі топтардың басын қоса алды. Бұл — өте жақсы бір үрдіс, мұны пайдалануға болады, — дейді штаб төрағасы.

Ол референдумның мемлекетіміз үшін өте үлкен маңызды іс екенін айтады. Сондықтан да Қазақстан халқы бұған белсене қатысуы қажет екен. 

Референдумды өткізу қоғамымыздағы ең бір үлкен демократияның бар екенін көрсетеді. Халықпен санасатыны туралы пікірді президенттің өзі ұсынып, мұны парламент қолдағанының өзі бұл халықтың мүддесін қолдану туралы ой-пікірдің айғағы ретінде айтылады. Бұл — үлкен дүние. Сондықтан біз Жаңа Қазақстан, жасампаз Қазақстан жасап кездегі алғашқы қадамдардың сатысы деп айтуға болады. Жалпы айтқанда Шымкент — оңтүстік өңірдің алтын алқабы, үлкен мегаполис. 1 миллионнан астам адам тұрады, қаншама қонақ келіп-кетіп жатыр. Сондықтан қала тұрғындарының қатысуы маңызды. Референдум не береді? Қоғам үлкен. Қоғамды құрайтын топтар да, ұлттар көп. Жұмысшы тобымыз олардың бәріне барып, қоғамдық кеңес мүшелерімен бірге түсіндіруіміз айту керек. Конституцияның үштен бір бөлігі қайта жазылып, 33 бапқа 56 түзету енгізілмек. Біз қоғамдық штаб сол түзетулердің бәрін, Конституция қалай болатынын, болашағымызға не беретінін Шымкент жұртшылығына да түсіндіруіміз керек, — деді. 

Ол шымкенттіктерді референдумға барып, белсене қатысуға шақырды. 

Адам өмір сүруі үшін заң керек. Заң сізді қорғайтын әрі қолдайтын болуы керек. Заң адамның өмір сүруіне жайлы болуы керек. Сондықтан референдумға немқұрайлы қарамай, белсенді қатысуымыз керек. Мен де қарапайым азаматтың бірімін. Референдум өткенше күні-түні тынбай соны танытуға жұмыс істейміз. Бұл — қайталанбайтын, қайта келе бермейтін дүние. Болашағымызға, ұрпаққа қалатын дүние. Қоғамдық штаб дегеніміз — тек ұйымдастырушы, ұсынушы, айтушы. Халыққа Жаңа Қазақстан жасау мүмкіндігін берді. Сондықтан халыққа айтуымыз керек.  Біз ертең болашағымызды ойласақ, әрбір адам үйінде отырып, сауатты адамдардың басын шақырып, бәріне түсіндіріп, атсалысуымыз керек. Түгел дауыс беруіміз керек. Референдум — тарихымыздағы ең маңызды оқиға. Бәріміз референдумға барайық.  Ауызбіршілік болсын. Бейбітшілік болса, Қазақстан дамиды, — деді Еркін Сатқанбаев.

Айта кетейік, 2022 жылғы 5 маусымда елімізде республикалық референдум өтеді.

Өзгелердің жаңалығы