Сәтбаевтың 125 жылдығы: Павлодар облысында білім және ғылым орталықтары ашылады

22 Қаңтар 2024, 07:53
497
Бөлісу:
Сәтбаевтың 125 жылдығы: Павлодар облысында білім және ғылым орталықтары ашылады

Қаныш Сәтбаевтың мерейтойын ұлттық мерекелеу аясында 2024 жылы білім беру ұйымдарында өтетін іс-шаралардың күнтізбесі әзірленді, деп хабарлайды BAQ.KZ Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, іс-шаралар ғалымның Қазақстан ғылымының дамуына қосқан өлшеусіз үлесін зерделеуге бағытталған.

17-18 қаңтарда облыстағы барлық мектептерде «Қаныш Сәтбаев – әлемге әйгілі ғалым» тақырыбында облыстық сабақ өтті. Оған 96624 оқушы қатысты.

Қаныш Сәтбаев – металлогения ғылымының негізін салушы, қазақ металлогения мектебінің негізін салушы, Ұлытау-Жезқазған ірі мыс кен орнын ашқан геолог. 2024 жылы көрнекті ғалым, қоғам және мемлекет қайраткері, Қазақстан Ғылым академиясының негізін қалаушы және тұңғыш президенті Қаныш Имантайұлының 125 жылдығы тойланады. Баянауыл ауданы, Теңдік ауылының тумасы – біртуар жерлесіміздің өмірі мен шығармашылығын зерделеу, дүниетану ғылымындағы маңызын әрбір оқушыға ұғындыру мақсатында білім беру ұйымдары түрлі бағыттағы іс-шараларды жоспарлаған.

Облыстағы білім беру ұйымдарында «Сәтбаев LAB» білім және ғылым орталықтарын ашу жоспарлануда. «ХХІ ғасырда білім іргетасы – ғылым мен заманауи технологиялар интеграциясы» кіріктірілген сабақтар, білім марафондары, химиялық шайқастар, «Ұлы даланың ұлы тұлғасы» эссе байқауы, «Әлемді білімділер басқарады» интеллектуалдық сайысы өтеді, – дейді басқармада.

Оқушылар арасында геологиялық-археологиялық қозғалысты дамытуға Торайғыр ауылында «Дана мұрасы» экспедициялық жасақтарының облыстық слетінің өтуі ықпал етеді. Кездесу бірнеше бағытта өтеді: өлкетану, археологиялық, геологиялық. Форум аясында ғылыми жобалардың тұсаукесері, археологиялық викторина, артефактілер мен археологиялық сызбаларды талдау, топографиялық карталармен жұмыс, пайдалы қазбалар мен тау жыныстарының үлгілерін анықтау және сипаттау болады. Слетке қатысушылар Әлкей Марғұлан атындағы ППУ Margulan Centre оқытушыларының археология бойынша шеберлік сабағына және «Павлодар география үйі» ҮЕҰ-ның дала геологиясы бойынша шеберлік сабағына қатысады.

Колледж студенттері «Академик Сәтбаевтың ұлттық ғылым жүйесі: бугін мен болашағы» республикалық хакатонына қатысады.

Жас суретшілер облыстық «Ел үшін, жер үшін» балалар бейнелеу өнері байқауында шығармашылық шеберліктерін көрсетеді.

«Сәтбаев ұрпақтары» қорытынды іс-шарасында байқау жеңімпаздары мен мерейтойлық іс-шараларға белсенді қатысушыларды марапаттау рәсімі өтеді.

Өзгелердің жаңалығы