Сарышағанда «Жауынгерлік достастық – 2019» оқу-жаттығуы өтті

11 Қыркүйек 2019, 23:05
2052
Бөлісу:
Сарышағанда «Жауынгерлік достастық – 2019» оқу-жаттығуы  өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Жойғыштар мен шабуыл ұшақтардың тойтарысы, экипажды құтқару, авиациялық зымырандардың іске қосылуы – Қарағанды облысының «Сарышаған» полигонында «Жауынгерлік достастық – 2019» тактикалық оқу-жаттығуының ең көзтартар белсенді фазасы өтті. ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев әскери қызметшілердің дайындығы мен кәсіпқойлық деңгейіне баға беруге келді», - делінген хабарламада. 

Ведомствоның мәліметінше, әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері мен авиациясына  шартты қарсыластың нысаналарын жою жөнінде тапсырма берілді. Ми-35М жауынгерлік тікұшақтары озық  радиотехникалық бөлімшелер, Су-30СМ жойғыш ұшақтары, басқару пункттері, әуеайлақтар мен шартты қарсыластың  әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдары бойынша әуе соққысын жасады, ал Су-25 шабуылдаушы материалдық-техникалық қамтамасыз ету қоймаларын жойды. Жаппай шабуылды МиГ-31Б жойғыш ұшақтары жалғастырды. Бүгінгі таңда бұл әлемдегі ең жылдам жауынгерлік ұшақтардың бірі болып табылады. Жойғыш ұшақ сағатына 3000 км жылдамдыққа дейін ұшып, стратосфера қабатына көтеріле алады. 

Жердегі және әуедегі нысаналарды жою үшін авиация «әуе-жер» және «әуе-әуе» класындағы басқарылатын және басқарылмайтын авиациалық зымырандарды, ретке келтірілетін авиациялық және жарқыншақты-фугасты бомбаларды қолданды. Әуе ұрысын жүргізуден басқа ұшқыштар сценарий бойынша апатқа ұшырап, істен шыққан ұшақ экипажын құтқаруды пысықтады. 

Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері оқу-жаттығудың белсенді фазасы барысында қанатты зымыранға тосқауыл жасауды, сондай-ақ С-200, С-300, С-75, С-125, «Круг» және «Куб» зениттік-зымыран кешендерінің жауынгерлік мүмкіндіктерін паш етті. 

Әскери қызметшілердің дайындық деңгейі мен шеберліктеріне баға беруге ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев келді. Ол қатысушыларды қарсы алып, Армения, Беларусь, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан Қарулы Күштерінің басшылығына алғыс білдірді. Сонымен қатар, шеберліктің жоғары деңгейін атап өтіп, достастық армиялардың әскери қызметшілеріне ашық аспан тіледі.

«Жауынгерлік достастық-2019» халықаралық оқу-жаттығуы Ресей мен Қазақстанның әскери полигондарының аумағында өткізілгенін естеріңізге сала кетейік.

«Сарышаған» полигонындағы оқу-жаттығуға Әуе қорғанысы күштерінің барлық әскери бөлімдері, әуе шабуылына қарсы қорғаныстың техникасы мен қару-жарағы, Қазақстан Әскери-әуе күштерінің авиациясы тартылды. Одан басқа, алғаш рет аталмыш оқу-жаттығуға Қырғызстан ӘШҚҚ әскерлерінің жауынгерлік есептоптары қатысты. 

Өзгелердің жаңалығы