Сарыағаштық шаруалар құлпынай егуді бастап кетті

13 Наурыз 2020, 02:20
2087
Бөлісу:
Сарыағаштық шаруалар құлпынай егуді бастап кетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Тегісшіл ауылдық округінде 18 гектар құлпынай жайқалып тұр. Сәуір айында алғашқы өнімін бере бастайды. Қазір мұнда 30-ға жуық жергілікті ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылған.


Құлпынай егу ісін "Абдураман" шаруа қожалығы осыдан 7 жыл бұрын 10 соттық жерге егуден бастаған, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Жыл сайын нәзік дақылды өсірудің қыр-сырын меңгеріп, шетелден ұрық алдырып, мол пайдаға кенеліпті. Соның нәтижесінде бүгінде қожалық құлпынай көлемін 18 гектарға жеткізіп отыр.

Былтырғы жылы қожалық бас-аяғы 150 тонна өнім алыпты. Өндірілген өнімді Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Тараз қалаларымен қатар, облыстың Сарыағаш, Қазығұрт аудандарына саудалапты.
Біз көп іздендік. Шетелдерге көп шығып, Сарыағаш ауданының климатына қолайлы сорттарды әкеле бастадық. Өткен жылы жалпы құны – 50 млн теңгені құрайтын жоба аясында 18 гектар жерге тамшылатып суару әдісін ендірдік. Бұл жоба толық іске асса, жылына 350 тонна өнім алуға болады. Сондай-ақ 45 адамды жұмыспен қамтитын боламыз, – дейді қожалық төрағасы А.Шымбергенов.
Айта кетейік, құлпынай дақылы Түркістан облысында көп егіле бермейді. Дегенмен, әрекет түбі – берекет, қожалық осыны ескеріп, тәуекелге бел буып, ірі көлемде шығын шығаруда. Алдағы жылдары қожалық құлпынайды жылыжайда өсіріп, 6 ай бойы өнім алуды жоспарлап отыр.


Өзгелердің жаңалығы