Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 3 наурызда ҚР Ұлттық музейінде “Үнділік Сари: Ескірмейтін Әсемдік” атты Дәстүрлі Үнділік тоқыма өнімдерінің көрмесі өтті.
Шараны Үндістанның Қазақстандағы елшілігі жанындағы Свами Вивекананда атындығы мәдени орталығы ұйымдастырып отыр.
Бұл көрме Махатма Ганди деген атпен жақсы танымал әйгілі Мохандас Карамчанд Гандидің (1869-1948) 150 жылдық мерейтойы аясында өткізілді. Көрме 2018 жылы 16 мен 25 қазан аралығында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде "Вастрам: Үндістандық тоқыма өндірісінің ғажайып дүниесі" көрмесінің жалғасы. Махатма Гандидің 150 жылдық мерейтой шаралары бүкіл әлемде 2018 жылы 2 қазаннан 2020 2 қазанға дейін ұйымдастырылады.
Ұлттық музейде халықаралық көрмелер жиі ұйымдастырылып тұрады. Бүгінгі көрменің сән-салтанаты тіптен ерекше, дүниежүзіне көне тарихы, ерекше мәдениетімен кеңінен танылған үнді халқының сарилерін тамашалай аласыздар. Бұл көрме үшінҮнді мемлекетінің Қазақстандағы Елшісіне үлкен алғыс айтамын. Екі ел арасындағы мәдени байланыстардың нәтижесінде осы жылға 18 наурыз күні Дели қаласында "Алтын адам" көрмесін өткізуді жоспарлап отырмыз, - деді көрменің ашылу салтанатында сөз алған ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Үндістанның солтүстігі, оңтүстігі, шығысы мен батысын таныстыратын Сарилер бұл көрмеге арнайы жасалған. Құнды мұралар Үндістанның жеті түрлі штатынан: Уттар Прадеш, Керала, Тамил Наду, Андхра Прадеш, Орисса, Махараштра және Батыс Бенгалиядан әкелінді.
Үндістанның ең сүйікті киімі – Үнді сариінің көрмесіне қош келдіңіздер. Сари үнді халқының өркениеті, ерте тарихымен бірге қалыптасқан. Бұл киім үлгілері жергілікті халықтың мәдениетін сипаттайды. Сарилер ұзындықтары, тоқылу ерекшеліктері, маталарымен ерекшеленеді, - деп көрменің мазмұнына тоқталды Үндістан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі жоғары мәртебелі Прабхат Кумар.
Осы керемет бұйымдар арқылы, үнді шеберлері мен тоқымашыларының шеберлігі мен қабілетін тануға мүмкіндік бар.
Көрмеге қойылған боялған, басылған маталардан тоқылған және кестеленген, безендірілген 33 дәстүрлі үнділік сари түрлерін тамашалауға болады.
Шара барысында күнделікті "Сари кию үлгісі" ашық сабақтары ұйымдастырылды.
Көрме 15 наурызға дейін жалғасады.