Сарбасов 110-шы Халықаралық еңбек конференциясына қатысты

7 Маусым 2022, 18:15
1395
Бөлісу:
Сарбасов 110-шы Халықаралық еңбек конференциясына қатысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов Женева қаласында Халықаралық еңбек ұйымы өткізген 110-шы Халықаралық еңбек конференциясы барысында басқа елдердегі әріптестерін Қазақстанда әлеуметтік-еңбек саласын дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.

Бұл туралы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сөз басында ол Қазақстанның еңбек саласының болашағы туралы ХЕҰ-ның жүз жылдық декларациясына бейілдігін атап өтіп, оның әлеуметтік диалог пен әділдікті қамтамасыз етудегі өзектілігі мен маңызын атап көрсетті.

Адам әрқашан мемлекеттің назарында болады. Біздің міндетіміз – адам дүниеге келгеннен бастап қартайғанға дейін әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету, ұзақ өмір сүру, кәсіби даму, нәтижелі жұмыспен қамту үшін жағдай жасау. Әділ әлеуметтік саясат Қазақстанның 2025 жылға дейінгі дамуының ұлттық жоспарының бірінші басымдығы ретінде айқындалды, – деді Ақмәди Сарбасов.

Бірінші вице-министр еліміздің заңнамасына ХЕҰ-ның ратификацияланған 25 конвенциясы, оның ішінде биылғы сәуірде «Толық емес жұмыс уақыты жағдайындағы жұмыс туралы» №175 конвенция бойынша міндеттемелерді имплементациялауды еске салды, сондай-ақ басқа да бірқатар (№ 131 «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» және № 190 «Еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен қудалауды жою туралы») конвенцияларды ратификациялау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты.

Сондай-ақ, ол пандемия кезінде мемлекет көрсеткен халықты қолдау және қазақстандықтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары – кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба және халықтың табысын арттыру бағдарламасы туралы айтып берді.

Қазақстан Үкіметі бірқатар бағдарламаларды белсенді жүзеге асыруда, солардың бірі 2025 жылға дейін халықтың табысын арттырумен байланысты. Қызметкерлердің әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз етумен бірге жалақы мен еңбек өнімділігін арттыру көзделеді, – деді ол.

Сонымен қатар Ақмәди Сарбасов Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасы бойынша жұмыс, жұмыспен қамтудың икемді нысандарын құқықтық реттеу мәселесін зерделеу, адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы шаралар, 2025 жылға дейін қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспары, 2030 жылға дейін қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы және қазақстандық кәсіпорындардың Vision Zero нөлдік жарақат тұжырымдамасы бойынша міндеттемесі, сондай-ақ одан әрі жоспарларды іске асыру туралы айтты.

Өз сөзінің соңында ол әлеуметтік қорғау саласында жаңа тәсілдерді қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Мәселен, қоғамдық қатынастарды реттеудегі шаралардың тұтастығы мен бірлігін қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік әріптестермен, ҮЕҰ-мен, ұлттық және халықаралық сарапшылармен, оның ішінде ХЕҰ-мен бірлесіп, ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасы әзірленуде.

Кодекс аясында әрбір қазақстандықтың еңбек үлесін әділ бағалауға бағытталған әлеуметтік қорғау жүйесін одан әрі жетілдіру жоспарлануда, – деп хабарлады Ақмәди Сарбасов.

Сонымен қатар 110-шы Халықаралық еңбек конференциясына қатысу аясында Ақмәди Сарбасов ХЕҰ өкілдерімен түрлі бағыттар бойынша бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

Конференцияда Қазақстан атынан ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР Кәсіподақтар федерациясы және ҚР «PARYZ» жұмыс берушілердің ұлттық конфедерациясы өкілдерінен жасақталған үшжақты делегация қатысты.

Өзгелердің жаңалығы