Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Сарапшы: Жаңа Конституция білім мен ғылымға айқын басымдық беріп отыр

Бүгiн, 16:33
150
Бөлісу:
 Жеке мұрағаттан
Фото: Жеке мұрағаттан

Қазақстанда жарияланған Жаңа Конституция жобасы қоғамда кең талқыланып жатыр. Құжатта елдің саяси жүйесіне қатысты өзгерістермен қатар, мемлекет дамуының стратегиялық бағыттары да айқын көрсетілген. Осы тұрғыда Еуразия Ұлттық университетінің Басқарма мүшесі - сапаны қамтамасыз ету және ішкі бақылау жөніндегі проректоры Индира Рыстина жаңа жобаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол жаңа Конституция жобасын көлемі жағынан да, мағынасы түрғысынан да ауқымды деп баға береді.

Ұсынылған өзгерістердің басым бөлігі елдің саяси жүйесін қайта құруға бағытталған. Соның ішінде бірпалаталы Парламентке көшу мәселесі талқыланып келді. Сондықтан бұл жаңашылдық тосын болған жоқ. Қоғам бұл өзгерістерге дайын болды,-дейді ол.

Сондай-ақ оның пікірінше, Жаңа Конституцияда білім мен ғылым саласына ерекше көңіл бөлінген.

Бүгінде Қазақстанда жүздеген мың студент жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Ел бойынша 120-дан астам жоғары оқу орны жұмыс істейді. Жастар ел халқының шамамен үштен бірін құрайды. Осындай демографиялық және әлеуметтік жағдайда білім мен ғылымның негізгі заңда нақты бекітілуі заңды әрі уақыт талабына сай қадам,-дейді Рыстина.

Жаңа Конституцияда білім мен ғылым мемлекеттің ұзақмерзімді дамуының басты тірегі ретінде айқындалған. Инновациялық даму мен адам капиталы елдің бәсекеге қабілеттілігімен тікелей байланыстырылған. Бұл - жай ұран немесе декларация емес, нақты бағытты көрсететін мемлекеттік ұстаным екенін айтады.

Соңғы 5 жылда ғылымды қолдау жүйелі сипат ала бастады. Ғылыми зерттеулерді қаржыландыру көлемі артты, жаңа жобалар іске қосылды, зерттеу инфрақұрылымы жаңғыртылды. Жас ғалымдарға арналған бағдарламалар кеңейіп, әлеуметтік қолдау тетіктері қалыптасты. Мемлекет тарапынан ғалымдарға тұрғын үй беру секілді нақты қадамдар жасалды,-дейді ол.

Оның пікірінше, бұл өзгерістер студенттер мен жас зерттеушілер арасында кең қолдау тапты. Себебі әңгіме тек бүгінгі реформа туралы емес, олардың ертеңгі мүмкіндіктері, білімге сүйенген мемлекет туралы болып отыр.

Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов Жаңа Конституция жобасын "болашаққа бағдарланған прогрессивті құжат" деп атады.

Өзгелердің жаңалығы