Сарапшы: Z және альфа ұрпақ ережені қабылдағысы келмейді

18 Наурыз 2021, 17:39
6292
Бөлісу:
Сарапшы: Z және альфа ұрпақ ережені қабылдағысы келмейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Z және альфа ұрпақ ережені қабылдағысы келмейді, өз пікірлері бар, саналы түрде ойлайды. Мұндай пікірді Халықаралық «Білім-инновация» қоғамдық қорының президенті Дархан Өте айтты.

Неміс психологы Эрвин Штраус «Ұрпақтар теориясында» 5 түрлі ұрпақтың қақтығысын айтқан. Жаңа Z ұрпақ пен альфа ұрпаққа тәрбие береміз дейтін болсақ, біз оларды жақсылап танып алғанымыз дұрыс. Z ұрпақ пен альфа ұрпақ – ғаламтордың шынайы досы, виртуалды әлемнің тұрғындары. Олар ережені қабылдағысы келмейді. Өз пікірлері бар, саналы түрде ойлайды, тең әрі шынайы қарым-қатынасқа мұқтаж, - дейді Дархан Өте «Рухани даму және ұлттық дәстүрлерді сақтау» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде. 

Оның айтуынша, қазіргі мұғалімдер миллениум ұрпаққа жатады. Олар тәрбие беру үшін жаңа ұрпақтың қаисеттеріне назар аудару керек. Соңғы ұрпақ бір нәрсемен шектелмейді, бірнеше жұмысты бірге атқарады.

Біз ұсынып отырған білім беру моделінде жыл басында мектепте құндылықтар анықталады. Осы рктте 18 құндылықты таңдап алдық. Ең басты принцип – «мен қалай айтсам, солай жаса» емес, «мен істегендей істе» ұғымымен оқыту, үлгі болу қағидасы. Жас ұрпаққа әмір берудің қажеттілігі жоқ. Олар ғаламторда көп отырады. Өздері анализ жасап, көргенді қайталайды. Құндылықтарды мораль тұрғысынан ғана емес, ғылым тұрғысынан түсіндіріп, әртүрлі жобалармен көрсету – біздегі басты мақсат, - дейді сарапшы.

Ол ата-аналар қауымдастығын білім беруге тарту маңызды деп отыр. Әкелер кеңесі мен аналар клубын құрып, ата-аналар өздерінің өмірлік тәжірибелерімен балаларға оң әсер етіп, оқушылардың тәрбиесіне ықпал етулері тиіс деп санайды. 

Ұлы Абай айтпақшы, баланы ең алдымен мейірім мен шапағатқа тәрбиелеу керек, кейін ақыл-парасат, кейін ғылым мен пайдалы еңбекке баулу керек. Құндылықтарға негізделген білім беру концепциясында бала мектепке қарым-қатынас орнатып, еркін ойлауға үйренсе, ешкімнен қорықпай, буллингтен алшақ болып, достарымен жақсы араласса, яғни оның эмоционалдық жағдайы дұрыс болса, ол академиялық жетістіктерге оңай қол жеткізеді. Бұл - соңғы зерттеулерде дәлелденген қағида, - дейді Дархан Өте.
Айта кетейік, дөңгелек үстел барысында Дархан Өте балаларға ақыл айтпас бұрын оларды танып алуымыз керек екенін мәлімдеген болатын.

Раушан АРМАНҚЫЗЫ
Өзгелердің жаңалығы