Сарапшы теңгенің неге түсіп жатқанын түсіндірді

28 Ақпан 2022, 16:44
1727
Бөлісу:
Сарапшы теңгенің неге түсіп жатқанын түсіндірді

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қаржы саласының сарапшысы Андрей Чеботарев рубль соңынан теңгенің неліктен түсіп жатқанын және ұлттық валютаның алдағы тағдыры жайлы айтып берді.

Оның айтуынша, Қазақстанның экономикасы Ресеймен тығыз байланысты, елге келетін импорт тауарлардың 40 пайызы осы елге тиесілі екен.

Теңге ресей экономикасына байланысты түсіп жатыр. Қазақстан сатып алып отырған әр екінші тауар Ресей Федерациясынан келеді. Бұл тауарлардың басым көпшілігін біз рубльмен сатып аламыз. Яғни, транзакцияның 60%-дан астамы рубльмен жасалады. Бұл біздің экономиканы рубльге тәуелді ете түседі, сондықтан біздің теңге де құлдырап барады, - дейді сарапшы.

Сонымен қатар ол ел ішіндегі дүрбелең де доллардың күрт өсуіне ықпал етіп отырғанын айтты. Доллар өседі деген сыбыс шығысымен халық қолында бар ақшасына, болмаса туыстарынан қарыз алып доллар сатып алуға асығады екен. Осындай ұлттық валютаға деген сенімсіздік те доллардың өсуіне әкеліп жатқан көрінеді.

Сарапшы сөз арасында теңгенің алдағы тағдыры қалай өрбитініне де тоқталды.

Мұның барлығы соғыс жағдайының өзгеруіне байланысты. Қазір барлығы әр сағат сайын өзгеріп отыр. Өткен бейсенбі күні енгізілген санкциялар біршама жұмсақ болып көрінді, ал демалыс күндері олар бұрын-соңды әлемде болмаған сұмдық санкцияларға айналды. Сондықтан бұл бізге байланысты емес,-дейді Чеботарев.

Сондай-ақ ол доллар және басқа да валютаны алыпсатарлық бағамен сатып алмауға кеңес берді. Ол доллар сатып алу үшін кредит алғандар ертең опық жеп қалуы мүмкін екенін айтады. Егер доллар сатып алғыңыз келсе ресми биржалық курстың ашылғанын күткен дұрыс. 
 

Өзгелердің жаңалығы