Америкалық үкіметтің жоғары тарифтерді енгізу саясаты ел экономикасына кері әсерін тигізіп, жаһандық саудада тұрақсыздық туындатуы мүмкін. Morgan Stanley қаржы компаниясының бас экономисі Робин Син осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Шетелдік журналист Muhammad Zamir Assadi жариялаған мақалаға сәйкес, сарапшы бұл жағдайды "соңғы 30 жылда болмаған трансформация" деп бағалап, оның салдары АҚШ-тың экономикалық болашағына ұзақ мерзімді әсер етуі мүмкін екенін ескертті.
Инвестиция тоқтап, халық кедейленіп жатыр
Синнің айтуынша, жаңа тарифтік саясаттың басты салдары – АҚШ экономикасында ұзақмерзімді "жаралардың" пайда болуы. Компаниялар инвестиция салуға құлықсыз, ал тұтынушылар тауар бағасының өсуінен қауіптеніп, шығындарын шектеуге мәжбүр. Бұл жағдай халықтың байлығын азайтып, қор нарығына қысым жасап отыр.
Бізде енді рецессия қаупі артып келеді. Ең бастысы — болашақтағы сауда саясатының болжамсыздығы инвесторларды үркітіп отыр, – дейді Син.
Тарифтік саясатты жақтаушылар оны өндірісті елге қайтарудың құралы ретінде сипаттағанымен, Робин Син бұл шаралар соңғы 30 жылдағы жаһанданудың жетістіктерін жоққа шығарады деп есептейді.
Бұрын америкалық компаниялар арзан нарықтарға шығып, сол пайдасын АҚШ-тың қаржы нарығына қайта құятын. Бұл доллардың жаһандық үстемдігін нығайтатын. Қазір бұл тізбек үзілуі мүмкін, – дейді сарапшы.
Егер болашақта тарифтік саясатта тұрақсыздық сақталса, трансұлттық корпорациялар АҚШ-қа инвестиция салуды тоқтатуы мүмкін, бұл өз кезегінде "америкалық ерекшелік" деген ұғымға да күмән тудырады.
Экономиканың басқа да қиындықтарына назар аударған сарапшы пандемиядан кейінгі қаржылай ынталандыру шараларының әсері азайғанын, ал инфляция мен бюджет тапшылығы жоғары деңгейде қалғанын атап өтті.
Біз қазір "алдымен бұзып, кейін қайта құрамыз" деген қауіпті тәсілді көріп отырмыз. Көші-қонға шектеу, сауда тосқауылдары мен фискалдық қысымдар қатар жүріп жатыр, – деді Син.
Осының нәтижесінде Федералды резерв жүйесінің ақша-несие саясаты шектеулі, ал бюджет тапшылығы фискалдық саясатқа кеңістік қалдырмай отыр. Бұл жағдай АҚШ-ты стагфляцияға – яғни баяу өсім мен тұрақты баға қысымына – жетелеуі мүмкін.
Синнің айтуынша, сауда саясаты — қуатты құрал, бірақ оны ойланбай қолдану ұзақмерзімді экономикалық залалға әкелуі мүмкін. Корпорациялардың жоғары пайдасы халықтың әл-ауқатын арттырмағаны соңғы жылдары әлеуметтік наразылық пен протекционистік саясаттың күшеюіне себеп болды.
Тарифтер арқылы қысым жасау оң нәтиже береді деген түсінік – қате. Бұл саясаттың жанама салдары әлдеқайда ауыр болуы мүмкін, – деп түйіндеді сарапшы.