Сарапшы: Қытай – Қазақстанның ең ірі инвесторы

Бөлісу:
Сарапшы: Қытай – Қазақстанның ең ірі инвесторы
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Саясаттанушы Асхат Қасенғали ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға келу жөнінде және ШЫҰ Астана саммитіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, Қытайдың Қазақстанға арнап берген Ляньюнган порты бар. Сол портқа Қазақстан өзінің тауарын жеткізіп, Оңтүстік-шығыс Азия мемлекеттеріне жеткізе алады.

Қазақстан мен Қытай арасында қарым-қатынас жыл өткен сайын дамып келеді. Екі мемлекет арасындағы қарқынды дамудың негізгі көрсеткіші сандармен көрініп тұр. Осы уақытқа дейін экономикамызда басты серіктес Ресей болса, қазіргі уақытта Қытай негізгі орынға шықты. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 40 млрд доллардан асқан. Бұл - өте үлкен потенциал, үлкен көрсеткіш және бұл алдағы уақытта дами береді деп ойлаймын. Қазақстан үшін Қытай нарығы - өзінің тауарын жеткізетін негізгі нарықтардың бірі. Біріншіден, шекаралас, екіншіден, Қытай нарығының экономикалық тұрғыдан сатып алу, демографиялық қабілеті де жеткілікті. 1,5 млрд жуық халық, 1,5 млрд жуық нарық бар. Ондай нарықта қандай тауар түрін шығарсақ та, оны лезде өткізуге және сол нарықтан Қазақстан тауарын сатып алуға мүдделі компаниялар табуға аз ғана уақыт кетеді. Біз үшін Қытаймен экономикалық байланыс жасау тиімді, екіншіден, тек қана Қытай нарығы емес, Қытайдың порттары арқылы өзінің тауарын Оңтүстік-шығыс Азияға жеткізуді ойлайды және жоспарлайды. Мәселен, Қытайдың Қазақстанға арнап берген Ляньюнган порты бар. Сол портқа Қазақстан өзінің тауарын жеткізіп, терминалда сақтап, Оңтүстік-шығыс Азия мемлекеттеріне жеткізе алады. Негізінен, Қазақстан бұл жерде астық, шикізат өнімдерін жеткізіп отыр. Алдағы уақытта жеңіл өнеркәсіпке басымдылық беріліп, өңделген жеңіл өнеркәсіпті жеткіземіз деген ойдамыз, - дейді Асхат Қасенғали.

Саясаттанушы Қытайдың құрлық жолына басымдық беріп, еліміздегі теміржол мен халықаралық жолды дамытуға инвестиция құюға мүдделі екеніндігін атап өтті.

Қытай-Қазақстан аймағын транспорт логистика аймағы ретінде қарастырады. Себебі Қытайдың негізгі серіктесі Еуропалық одақ және Қытайдың сыртқы экономикалық байланысында Еуроодақ 45-46% рөл ойнайды. Міне, осындай нарыққа Қытай тауарын екі жолмен - теңіз және құрлық жолы арқылы жеткізеді. Теңіз жолына басымдық береді, себебі арзанға түседі. Бірақ соңғы жылдары Оңтүстік-шығыс Азияға геосаяси жағдайлардың қиындауы, Қызыл теңіз арқылы Жерорта теңізіне өтетін кемелердің жолы қиындағанын байқауға болады. Сондықтан Қытай құрлық жолына басымдық беріп отыр, ал құрлық жолы негізінен Қазақстанмен өтеді. Яғни Қазақстан, Каспий, Кавказ арқылы Еуропаға шығып кетуге мүмкіндік бар. Ал пайыз түрінде салыстырып көрсек, теңіз жолы әлдеқайда жоғары. Дегенмен құрлық жолын дамытуға ықылас танытып, Қазақстанға инвестиция құюға ниетті. Соның ішінде Қазақстанның теміржолына инвестиция салуға және сол жолды көбірек дамытуға бастамалар көтеріп келе жатыр. Бұл бізге де тиімді, себебі біздің аймақ арқылы басқа елдердің тауары өткен сайын мемлекетке түсетін салық, бюджеттің артуы және сол жолдардың бойында халыққа арналған түрлі кәсіптерді дамытуға мүмкіндік туады. Мәселен, халықаралық тасжолдардың бойында қонақ үйлер, асханалар, қызмет көрсету желілері пайда болатыны белгілі. Сондықтан осындай тұрғыдан алып қараған кезде, біз үшін бұл жобалар тиімді болады. Сондай-ақ Қытайдың негізі стратегиясы - мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, - дейді саясаттанушы.

Асхат Қасенғали Қытайдың Қазақстанның ауылшаруашылық, аграрлық саласын дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Қытай Қазақстанның ауылшаруашылық өнімдерін дамытуға инвестиция құймақ. 1,5 млрд халқы болғандықтан, үнемі азық-түлік қауіпсіздігін алға қояды. Сол себептен әлемнің 40-қа жуық мемлекетімен азық-түлік байланысын жүзеге асырып келеді. Қазақстанның аграрлық саласы дүние жүзіндегі ең ауқымды болып саналады, әлем бойынша азық-түлік өндіруден 15-ші орында. Үшінші мәселе - энергетикалық қауіпсіздік. Қытай мен Үндістан әлемдегі энергияны - мұнай, газ және жанармай - ең көп сатып алушы елдер. Қытай Қазақстаннан газ бен мұнайды көбірек алуға ниетті екендігін көрсетіп келеді. Сондықтан осы салаларға көбірек инвестиция салуға ниетті екенін көрсетіп отыр. Енді саммиттен тыс екі мемлекет арасындағы мемлекетаралық келіссөздер жүзеге асырылғаны түсінікті және осы келіссөздердің барлығы қарқынды түрде алдағы уақытта жүзеге асуына мүмкіндік береді, - дейді Асхат Қасенғали.

Өзгелердің жаңалығы