Сарапшы қалаларды жобалауды қайта қарастыру керегін айтты

5 Шілде 2023, 14:05
774
Бөлісу:
Сарапшы қалаларды жобалауды қайта қарастыру керегін айтты

Қалаларды жобалауды қайта қарастыратын кез келді. Бұл туралы бауырлас әкімдер форумында INK Architects» компаниясының негізін қалаушы, Британдық сәулетшілер корольдік институтының құрметті мүшесі, ХСА профессоры және AIA, Американдық сәулетшілер институтының дипломды мүшесі Нұрлан Қамитов, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

«Болашаққа бағдарланған қалалық жоспар» панельдік сессиясында Нұрлан Қамитов «Идеологиядан адамгершілікке: кеңестік алаңдардың эволюциясы» тақырыбында баяндама жасап, өз ұсыныстарын айтты.

Атап айтқанда, ол Қазақстанға және басқа посткеңестік елдерге КСРО-дан мұраға қалған екі басты мәселе бар екенін атап өтті. Бұл сәулет және қала құрылысы объектілерін жобалаудағы ескі нормалар мен ережелер, сондай-ақ социализм идеологиясын бейнелейтін маңызды қала құрылысы тораптары ретіндегі үлкен және кіші қалалардың басты алаңдары.

Нұрлан Қамитовтың айтуынша, КСРО-дағы қоғамдық кеңістіктер социализм идеологиясын тарату үшін жобаланған.

Бұрынғы КСРО аймақтарының климаттық жағдайлары мүлдем әртүрлі екені белгілі. Ғылыми-зерттеу институттары зерттеп, өз ұсыныстарын берді. Алайда кеңестік құрылыс пен сәулет барлық жерде бірыңғай стандартты қолданды. Бұл бірыңғай нормалар КСРО ыдырағаннан кейін 30 жыл өтсе де, осы күнге дейін қолданылады. Сонымен қатар көптеген бірыңғай стандарт Қазақстанның климаттық аймақтарында нашар «жұмыс істейді», олар орнықтылық пен ресурстық тиімділік қағидаттарына қызмет етпейді, - деп айтты сарапшы.

Мысалы, еліміздің солтүстігі мен оңтүстігі арасындағы климаттың ерекшеліктеріне әр түрлі көзқарастың болмауы электр энергиясын, газды және жылыту жүктемесін асыра пайдалануға әкеледі.

Менің ойымша, ескі нормаларды да, біртұтас тәсілді де жаңа заманның талаптарына сүйене отырып өзгертетін уақыт келді, - деп айтты ол.

Кеңес мұрасының тағы бір проблемасы, сәулетшінің айтуынша, бұрын негізгі алаңдар тек шерулер өткізу үшін пайдаланылған. Кеңес империясы ыдырағанына 30 жылдан астам уақыт өтті, бірақ қазір ТМД-ның көптеген қалаларындағы басты алаңдар әлі де көп мөлшерде бетон мен асфальттан ғана тұрады. Сарапшының айтуына қарағанда бұл алаңдар көбіне бос, ыңғайсыз кеңістік саналады.

Қаладағы кез келген ашық кеңістік, ең алдымен, әлеуметтік-экономикалық міндеттерді орындауы тиіс, яғни қалалық ортаның сапасын жақсартуға ұмтылуы тиіс. Сол себепті еліміздің қалаларының басты алаңдарының мақсатын архитектуралық және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қайта қараудың уақыты келді. Бүгінгі таңда Қазақстандағы қалаларға тез, арзан және стандартты емес түрлендіру нұсқалары қажет. Ал жылдам жолдардың бірі - бар аумақтарды түрлендіру. Өйткені, бұл мәселені шешу қала үшін күрделі жоба емес, мысалы, жерді сатып алу және т.б. мәселе жоқ. Қазақстандағы басты алаңдардың әлеуеті өте жоғары, бірақ әзірге пайдаланылуы өте төмен, - деді Нұрлан Қамитов.

Ол посткеңестік елдердегі қалалар мен нысандарды жобалаудағы ескірген нормалар мен ережелер мәселесіне қатысты өзінің ұсыныстарын айтты.

Біріншіден, жалпы негізгі талаптармен бірге, әр қаланың өз нормалары бар урбанистік қағидаларды әзірлеп, енгізу қажет. Бұл қағидалар өз қалаларының барлық айырмашылығын, соның ішінде халықтың тығыздығы мен дамуын, ландшафтты, биіктікті, тұрақ орындарын, шегіністерді, инженерлік желілерді және т.б. ескеруі тиіс. Екіншіден, қолданыстағы құрылыс нормаларын оңтайландыру қажет, яғни қажетсіз, ескірген нормалардың 30-40%-на дейін алып тастау керек, - деп атап өтті Нұрлан Қамитов.

Қорытындылай келе, сәулетші алаңдардың мағынасын қайта қарастыру тек бастама ретінде болуы мүмкін екенін, қалаларымызды қалай жобалайтынымызды қайтадан қарастыратын кез келгенін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы