Сарапшы пікірі: ЕЭО елдерінде ортақ валюта енгізілуі мүмкін бе?

6 Сәуір 2022, 15:07
2992
Бөлісу:
Сарапшы пікірі: ЕЭО елдерінде ортақ валюта енгізілуі мүмкін бе?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ресейге салынған санкциялар Қазақстанға сырттан келетін тауар тасымалына қалай әсер етеді? Еуразиялық Одақ  елдеріне ортақ валюта болуы мүмкін бе? Еліміздегі азық-түлік бағасы көтерілу себебі неде? 

Экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай Жұбаевтың пікірінше, Ресейге қарсы санкциялардың Қазақстанға ауқымды әсері болады.

Екі ел арасындағы соғыстың салдарынан өркениетті мемлекеттер Ресейге санкция салуын жалғастыруда. Өкінішке қарай, Ресейге салынған санкциялар әсері біраз уақытқа созылады деп есептеймін. Қазіргі таңда рубль өз деңгейін ұстап тұр. Бірақ бұл алып көршіміздің монетарлық саясатты жүргізіп отырғанының арқасында. Оның тиімділігі белгілі бір уақытқа дейін ғана созылуы мүмкін. Әрине, экономикалық қиындықтар біздің елімізге де зардабын тигізбей қоймайды, - деді сарапшы.  

Сондай-ақ ол Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ортақ валюта енгізілмейтінін айтты. 

Еуразиялық экономикалық Одақ шеңберінде ортақ валюта енгізу мәселесі осыдан 5-10 жыл бұрын көтерілген. Ол валютаға әртүрлі аттар ұсынылған еді. Алайда Еуразия экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Виктора Христенко 2025 жылға дейін ешқандай Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ортақ валюта  туралы ресми мәлімдеме жасамаймыз деген болатын. Бұған 5 мемлекеттің басшылары сол кезде келісімге келді, -деді Сапарбай Жұбаев. 

Экономист Расул Рысмамбетов қазір Қазақстанға санкция ережесін бұзбау маңызды. 

Меніңше, қазіргі таңда Еуразиялық Одақтың келешегі бұлынғыр. Өйткені одақ экономикасының 80 пайызын құрап отырған  екі мемлекет Ресей мен Беларусь санкциялар қысымында қалып отыр. Олармен сауда-саттық жасау шектелген. Осы орайда ЕЭО одақ елдері өзара шарттарды толығымен қайта қарауы тиіс деп есептеймін. Өйткені қазір негізгі импорт көзіне Қазақстан айналып отыр. Алдағы уақытта одақ келісім мен шарттарына орай мүлдем өзгеруі мүмкін. Меніңше, бастысы Қазақстанның мұнай өнімі Ресей арқылы тоқтаусыз тасымалдануы қажет. Осыған дейін көршімізден тасымалданып келген кейбір тауар өнімдеріне қол жеткізе алмаумыз мүмкін. Себебі ол тауарлар шетелдік компанияларға тиесілі болған. Бізге экспорт тауарларын жіберетін басқа ЕЭО елдерінен тыс елдерді қарастыру керек. Осы мәселелерге байланысты алдағы уақытта елімізде азық-түлік бағасын реттеуге қиыншылықтар тууы мүмкін, -деді маман. 

Өзгелердің жаңалығы