Сарапшы неге әскерде әлімжеттік кең тарағанын түсіндірді

27 Мамыр 2024, 15:55
5064
Бөлісу:
Сарапшы неге әскерде әлімжеттік кең тарағанын түсіндірді
Фото: BAQ.KZ -архив

Әлімжеттікті азайтып, зардабын төмендету қажет. Әскер сарапшы Амангелді Құрмет кешенді зерттеулер жасау керек екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жастар арасындағы әлімжеттікті мектептен де, студенттер арасынан да байқауға болады. Басқа да қоғамның әртүрлі салаларында жоқ емес. Жалпы, әлімжеттік - шенеуніктің қызметкеріне буллинг жасау үлгісінде, орта жастағы адамдардың арасына дейін жалғасады ма деген ойға қаламын. Кезінде әлеуметтану тұрғысынан кейбір ғылыми шараларға, зерттеулерге араласқан едім. Ол - “келісімшарт әскерлерінің әлеуметтік келбеті” – деген позиция тұрғысынан зерттедік, - деді сарапшы.

Амангелді Құрметтің пікірінше, қоғамда заң үстемдігі толық қалыптаспаған.

Әлімжеттіктің себебіне терең үңілсеңіз дүниетаным мәселесі маңызды рөл атқаратын сияқты. Яғни, біздің қоғамда заң үстемдігі толық қалыптаспаған. Көптеген мәселені заңнан тыс ережелер негізінде шешіп үйренгенбіз. Кеңес Одағы кезіндегі криминалды авторитеттердің және соған байланысты пайда болған түсініктердің орныққан аймақтарының біріміз. Сол себепті бұл әлімжеттікке алып келеді. Әлемде әлімжеттіктің түрлері бар екені рас. Мәселен, бір жыныстың өкілдерін ұзақ уақыт бір жерге жинап қоятын болса, олардың арасында “кім доминант?” дегенді анықтайтын хайуани инстинкт оянып кетеді. Бір-бірімен соқтығысып, қақтығысып барып өзара орындарын анықтайды. Мысалы, қазақтың “ер шекіспей бекіспейді” деген нақыл сөзі ер жігіттердің арасындағы түсініспеушілкті сипаттаған әрекет сияқты. Астарына үңілсеңіз қоғамдық қатынастардағы, адамның арасындағы қатынастардағы иерархияны анықтайтын бір құбылыстай көрінеді. Демек, әлімжеттік бұрын да бір мөлшерде болды, қазір де бар, -деп түсіндірді ол.

Ол әлімжеттік тақырыбында мамандар кешенді зерттеулер жасауы керегін айтады.

Кеңес Одағы кезеңінен бері әлімжеттік біршама дөрекі қатігездікпен жүргізілді. Бұл армияда, мектепте жалғасып жатыр. Әлем елдерінде де әлімжеттік азды-көпті бар. Мысалы, Түркия әскерінде, Америка, қытайлықтарда да жиі кездеседі. Олар мейілінше азайтып, ер азаматтар қызмет ететін органдардағы қарым-қатынастың зардабын қоғамдық қатынастарға тимеуіне ерекше көңіл бөліп отыр. Сол себепті біз ондағы әлімжеттікті көп білмейміз. Мысалы,  Израиль армиясында қыздар да, жігіттер де әскери борышын өтейді. Онда суицид өте көп кездеседі, себебін нақты ешкім айтпаған. Сондықтан әлімжеттік мәселесі өте өзекті. Мұны үлкен кешенді зерттеулермен анықтау керек. Оған мәдениеттанушылар, әлеуметтанушылар, психологтар ат салысқаны дұрыс. Әр аймақтың ерекшеліктерін ескере отырып зерттеп, мұның әу бастағы қайнары қайда жатыр, қалай белгілі мөлшерде азайтамыз дегенге бас қатырғанымыз дұрыс, - деді Амангелді Құрмет.

Сонымен қатар Амангелді Құрмет әлімжеттікке тәрбие мен қауесеттің әсері бар екенін атап өтті. 

Менің ойымша, отбасындағы тәлім-тәрбиеден бастап, мектептегі қарым-қатынастар, қоғамның басқа саласындағы қарым-қатынастар тіпті азды-көпті медианың әсерінен де әлімжеттік сақталатын сияқты. Ел ішіндегі қауесеттердің де, авторитеттердің де орны ескерілу қажет. Мысалы, 90-шы жылдардың криминалдық кезеңіне ностальгияда кездесіп жатады. Тараз төңірегінде Жамбылдың сол жылдардағы тарихын білетіндер әлі күнге “Тараз деген криминалдық орталық” , “Тараздың криминалдары сұмдық еді” деген әңгімені таратады. Бұл тарихи факт. Алайда мұны қазір айтқан кезде ешкім “Тараз неге криминалдық әлемнің астанасы болды? Оны жасөспірімнің санасынан қазір қалай өшіреміз” деген бағытта талқылау жүргізіп жатқан ешкімді көрген жоқпын. Әлі күнге дейін Тараздың сол кезеңдерін мақтан тұтады. Мұндай ностальгия, мұндай романтика жастарға бәрібір беріледі. Ер азаматтардың арасында да басынан өткен бір оқиғаны әңгімелеп романтизациялау ұрпаққа да, жастарға да беріледі, - деді журналист.

Қымбат Спабек

Өзгелердің жаңалығы