Еркін Баулықов Саран қаласына жаңа әкім болып келді, деп хабарлайды BAQ.KZ Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Саран қаласында жаңа әкім таныстырылды.
ҚР Президенті Әкімшілігінің және қалалық мәслихат депутаттарының келісімі бойынша бұл лауазымға Саран қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Еркін Баулықов тағайындалды.
Жаңа қала басшысын Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысов қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында таныстырды.
Депутаттар кандидатураны мақұлдады.
Облыс әкімінің орынбасары қаланы дамытудың басым бағыттарын белгілеп, Саранның жаңа басшысының алдына міндеттер қойды.
Еркін Баулықов 2016 жылдан 2019 жылға дейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеді. Сондай-ақ, елордада ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Мемлекеттік басқару жүйесін дамыту департаментінде еңбек етті. Содан кейін Саран қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімін басқарды.
2021 жылғы желтоқсаннан бастап осы тағайындауға дейін Саран қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.