Сақтандыру қорында әлеуметтік азықтың 6,6 мың тоннасы бар

20 Қазан 2022, 18:03
1205
Бөлісу:
Сақтандыру қорында әлеуметтік азықтың 6,6 мың тоннасы бар
Фото: автордан

Павлодар облысында әлеуметтік азық-түлік түрлерінің бағасы шекті көрсеткіштен арзан. Бүгінде қорда жалпы құны 1,5 млрд. теңге болатын 6,6 мың тонна өнім сақтаулы, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Аймақтағы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқарма басшысының орынбасары Талғат Доғаловтың айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік 200-ге жуық дүкенде саудаланады.

«Ішкі нарықты сапалы өніммен қамту үшін жергілікті шаруалармен картоп пен сәбіз тасымалдау бойынша меморандумға қол қойылды. Өңір фермерлері сақтандыру қорына 2000 тонна картоп пен 200 тонна сәбіз жеткізеді. Нәтижесінде «екінші нанның» бір келісі 100-120 теңге көлемінде сақталады. Қазіргі уақытта әлеуметтік дүкендер желісімен өнімді 5%-дық үстемеден асырмай саудалау бойынша келісімшарттар жасалуда», - дейді Талғат Доғалов.

Сонымен қатар, азық-түлікті төмен бағамен саудалау бойынша ірі дүкендермен меморандумдар жасалуда. Бүгінде облыстың қала-аудандары бойынша 50 құжатқа қол қойылды. Халықты сапалы әрі жергілікті өніммен қамту мақсатында салынып жатқан фермерлік нарықтың құрылысы аяқталып келеді. 

«Фермерлік базар облыс орталығында ашады. «Бір алқаптан – сөреге дейін» қағидаты бойынша жұмыс істейтін нарыққа өнім тауар өндірушілерден тікелей тасымалданады. Көкөніс, ет және тағы басқа өнімдер делдалсыз саудаланады. Бас-аяғы 40 өндіруші азық-түлік саудалайды деп күтілуде. Нысан күнбе күн жұмыс істейді. Фермерлер үшін сауда алаңын жалға алу әлдеқайда арзан болады», - дейді Талғат Доғалов.

Айта кетейік, облыста жыл басынан бері 600-ге жуық ауыл шаруашылығы жәрмеңесі өткен. Өткен аптада жәрмеңке Астана қаласында жұмыс істеді. Жергілікті шаруалар елорда тұрғындары үшін 500 тоннадан астам сапалы өнім жеткізді. 

Өзгелердің жаңалығы