Қазақстан Ұлттық банкі 2023 жылғы 25 желтоқсаннан бастап жаңа дизайндағы, 2023 жылғы үлгідегі, номиналы 5 000 теңгелік банкноталарды айналымға шығарады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл – «Сақ стилі» жаңа сериясының алғашқы банкнотасы. Ол дәстүрлі қазақ ою – өрнегінің бастаушысы болып саналатын және көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап бүгінгі Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейтін «Сақ стилі» элементтеріне негізделген.
Ақша белгісінің дизайны мен формасы туралы
Түсі - қызыл-қызғылт сары. Банкнотаның бет жағында:
- көкте қалықтап ұшқан құспен «Өмір ағашының» бұтағы (Есік қорғаны, б. д. д. 5-4 ғғ., Алтын адам бас киімінің бір бөлігі, табиғат пен наным байланысының қасиетті мағынасы);
- ДНҚ спиралы және адамның табиғатпен байланысын білдіретін ою-өрнекпен стильдендірілген шексіздік символы;
- жәдігер-бүркіт фигурасы түріндегі безендіру (Қорған Талды II, б.д. д. 7-6 ғғ.; бүркіт шексіз еркіндіктің, күш пен ептіліктің символы ретінде).
Банкнотаның сырт жағында ою-өрнекпен безендірілген қалқан фонындағы бүркіт бейнеленген. Негізгі бейненің артында дөңгелек қазақтың ою-өрнегі орналасқан. Бұл бейне мына идеяларды білдіреді:
- «Қалқан» - құндылықтарды қорғау;
- ежелгі символ - әлемнің төрт құбыласы;
- ортасындағы күн белгісі - өмірдің символы.
Сондай - ақ, банкнотаның сырт жағында қанаты жайылған жәдігер-бүркіттің бейнесі орналасқан (Берел қорғандары «Патшалар Алқабы», б.д. д. 8-7 ғғ., ШҚО, безендіру элементі, еркіндік пен үйлесімділіктің символы). Банкнотаның ортасында Шарын каньонының ландшафты көрінісі орналасқан «шексіздік» қазақтың ою – өрнегінің фон-контуры бар.
Банкноталарды айырбастау тәртібі және айналымда қатар жүру кезеңін белгілеу туралы
Номиналы 5 000 теңге болатын жаңа банкноталар 2023 жылғы 25 желтоқсаннан бастап айналымға енеді және жыл бойы айналымдағы 2011 жылғы үлгідегі номиналы 5 000 теңге болатын ұлттық валюта банкноталарымен (бұдан әрі – ескі үлгідегі банкнота) ауыстырылады.
Яғни, ескі үлгідегі барлық банкноталар бір жылдың ішінде айналымнан біртіндеп алынатын болады. Тиісінше, банкноталар айналымда қатар жүрген уақытта халыққа ескі үлгідегі банкноталарды екінші деңгейлі банктердегі немесе ҚҰБ филиалдарындағы жаңа банкноталарға айырбастаудың қажеті жоқ. 2023 жылдың 25 желтоқсанынан 2024 жылдың 24 желтоқсанына дейін ескі және жаңа үлгідегі банкноталар айналымда қатар жүріп, есеп айырысуға жарамды болып саналады.
Бұл орайда, жаңа үлгідегі банкноталар 2024 жылдың наурыз айында ғана жаппай айналымға түседі. Себебі оларды еліміздің барлық өңіріне жеткізіп, жабдықтарды (банкоматтар, терминалдар және кассалық техника т.б.) бейімдеу үшін белгілі бір уақыт қажет.
Қатар айналым кезеңі аяқталғаннан кейін, яғни 2024 жылғы 25 желтоқсаннан бастап барлық банк пен Қазпоштада ескі үлгідегі банкноталарды 3 жыл ішінде жаңа үлгідегі банкноталарға айырбастауға мүмкіндік бар. Ал ҚҰБ филиалдарында оларды мерзімсіз айырбастауға болады.
Жаңа үлгідегі (2023 жылғы) және ескі үлгідегі (2011 жылғы) банкноталар айналымда қатар жүретін кезең ішінде заңды төлем құралы болып саналады. Төлемдер мен аударымдардың барлық түрін жүзеге асыру, банк шоттарына аудару үшін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында олардың атаулы құны бойынша қабылдауға міндетті екенін атап өтеміз, - делінген хабарламада.
Олар еліміздегі ҚҰБ, Қазпошта және екінші деңгейлі банктердің барлық филиалында, сондай-ақ Қазақстан резидент емес банктерінің филиалдарында шектеусіз айырбасталады және ауыстырылады.