Сапарбаев: Дағдарыс – жаңа мүмкіндіктер уақыты, оны пайдаланбау ақымақтық

28 Сәуір 2020, 21:36
1579
Бөлісу:
Сапарбаев: Дағдарыс – жаңа мүмкіндіктер уақыты, оны пайдаланбау ақымақтық

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте өндіріс пен тұтыну арасындағы тепе-теңдікті сақтау, ветеринарлық қауіпсіздік және идеологиялық жұмыстар барысы қаралды.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашевтің айтуынша, ұн, макарон, жұмыртқа және сары май өндірісін екі есеге ұлғайту үшін жергілікті ресурстар жеткілікті. Бір ай ішінде қайта өңдеу кәсіпорындарының әлеуетіне мониторинг жүргізіліп, азық-түлік тауарларын өндіру мен тұтыну арасындағы балансты сақтау жөнінде ұсыныстар әзірленбек.

Өңір басшысы көкөніс сақтау қоймаларының жай-күйіне зерделеу жүргізудің маңыздылығына тоқталып, қажет болған жағдайда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жаңа құрылыс салу керектігіне көңіл бөлді. Бұл жұмыстарға тарту үшін бизнес өкілдері арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Аудан әкімдері тиісті жер телімдерін барынша қысқа мерзімде бөлуді қарастырғаны абзал.

Облыста өндірілмейтін немесе олардың тапшылығы байқалатын өнімдерді   жеткізіп отыру бойынша басқа өңірлермен уақыт созбай келісім орнату қажет. Бірінші кезекте бұл ұн, макарон, күріш, бұршақ, өсімдік майы, қарақұмық тауарларына қатысты. Сәуір-мамыр айларында облыс қырыққабат және картоп импортына тәуелділікті сезіне түсуде. Бұршақ, алма, балық, қаймақ, сүзбе және басқа да өнімдер толық және жартылай көлемде жеткізілуде.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова хабарлағандай, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша тамақ өнеркәсібі 47,4 пайыз, химия өнеркәсібі 8,8 пайызға төмендеген. Бірінші жағдайдағы құлдырау көрсеткіші қант зауыттарын тоқтайына байланысты орын алған.

Баяндамашы жоғарыда аталған салалардағы  шығындардың орнын толықтыра алатын өнімдердің тізбесі мен көлемін тілге тиек етіп, соның ішінде құрылыс, құрылыс материалдары мен металдар өндірісіне назар аудартты.

Облыс әкімі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандәулет Кенжебековтің баяндамасын тоқтатуға мәжбүр болды.

Маған басқа салалардағы шығындарымызды алмастыратын өнім түрлеріне талдау қажет. Пайдалы қазбалар бойынша зерделеу шараларын ұйымдастырып, оларды игеру үшін инвесторларды жедел тарту қажет. Көптеген кәсіпорындар жұмыс істеуге, өнім көлемін арттыруға ниет білдіріп отыр, алайда басқарма мен басқа да жауапты құрылымдар тарапынан қолдау жоқ. Біздің басты міндетіміз –индустрияны, кәсіпкерлікті дамыту мәселелерімен айналысу. Дағдарыс – бұл жаңа мүмкіндіктер уақыты, оны пайдаланбау ақымақтық болар еді. Өндіріс пен тұтыну арасындағы балансты жүзеге асыру жолдарын іздеу, өндірістік күштерді орналастыру схемасын құру қажет. Экономикада жеңіл, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыру жолдарын ойластыру керек. Біз неге өзімізді сол макаронмен, балықпен қамтамасыз ете алмаймыз? Ал облыста су қоймалары жеткілікті. Аудан әкімдері өндірістерге жиі барып, олардың ассортиментін кеңейтіп, толық қуаттылыққа жұмыс істеуі үшін барлық мүмкіндіктерді қарастыру керек, - деп тапсырды облыс әкімі.

Күн тәртібіндегі келесі мәселені бойынша ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, аусылмен, бруцеллезбен және конго-қырым геморрагиялық қызбасымен күрес, эпизоотияға қарсы іс-шараларды қаржыландыру, 36 ветеринарлық пункттің өз ғимараттарының жоқтығы, қаңғыбас иттер мен мысықтарды орналастыруға арналған арнайы питомниктердің тапшылығы және басқа да мәселелер талқыланды.

Ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұлов ағымдағы жылы атап өтілетін мерекелер мен мерейтойлар, "Бейбітшілік пен келісім", "Сөзден іске" және т.б. жобалар шеңберінде жоспарланған іс-шаралар және атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сондай-ақ, ол корановирустық инфекциямен күрес, карантин жағдайында облыс тіршілігін БАҚ-та жариялау, дезинфекциялық іс-шараларды жүргізу және тағы басқа көптеген мәселелер бойынша жан-жақты тоқталып өтті.

Дауыл Бейсенқұлов тұрғындармен тиімді кері байланыс орнату бойынша атқарылып жатқан жұмыстар тілге тиек етіп, ерекше көзге түскендерді және азаматтардың өтініштеріне жауап беруге асықпайтын әкімдіктерді атап көрсетті.

Қазіргі уақытта сауатты ақпараттық саясат ерекше маңызға ие. Адамдарды толғандыратын тақырыптарда көбірек әлеуметтік сауалнама жүргізу қажет. Азаматтардан келіп түсетін барлық мәселелерге талдау жүргізетін және оларды шешу үшін тиісті шаралар әзірлейтін 109 бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істеуі тиіс. Облыстың бірегей туристік нысандарын еліміздің барлық аймағына дұрыстап көрсете білуіміз керек. Келесі міндет – теледидар мен газеттерде жаңа бағдарламалар мен айдар ашу болып табылады. Жастар үшін үлгі болатын еңбек адамдары, әлеуметтік жауапты бизнесмендер туралы сюжеттер мен мақалалар аз, - деп атап өтті аймақ басшысы.

Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу бойынша өткізілетін конкурстарды негізінен жергілікті кәсіпорындарды ұтуда, бұл тек экономика үшін ғана емес, әлеуметтік сала үшін де оң әсер етіп отырғаны айтылды. Салық жергілікті бюджетке түседі, ал жаңа жұмыс орындарында жергілікті тұрғындар еңбек ете бастайды.

Тек бюджетке ғана қарап отыруға болмайды, басқа да қаржыландыру көздерін белсенді түрде іздестіру керек. Демеушілермен жұмыс істеу, тікелей инвестициялар тарту, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту. Аудан әкімдері шаруа қожалықтарының минералдық тыңайтқыштарын сатып алуы, өндірілетін асфальттың, басқа да құрылыс материалдарының сапасын бақылауда ұстауы қажет. Барлық жағдай жасалған, ақша аударылды, тек жұмыс істеңіздер. Мен салынып жатқан нысандардың сапасын жеке өзім тексеретін боламын. Бос  жиналыстардың санын қысқартып, кәсіпорындарға жиі бару керек. Жауапты тұлғалар тарапынан берілген тапсырмалардың іске асырылуына талдау мен бақылау аз, - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Өзгелердің жаңалығы