Сапарбаев Жамбыл облысының ауылдарын жақсарту үшін не істеп жүргенін айтты

23 Қазан 2020, 11:41
1744
Бөлісу:
Сапарбаев Жамбыл облысының ауылдарын жақсарту үшін не істеп жүргенін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Сенаттағы Үкімет сағатында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев осы өңірдегі ауылдарды дамыту бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.

Облыстың ауылдық елді мекендерін қолдау мақсатында 40,5 млрд теңге қарастырылған. Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ауылды дамыту және ауыл халқының тұрмыс сапасын жақсартуды көздейтін «Ауыл-Ел бесігі» арнайы жобасы аясында 110 жоба жүзеге асырылуда (7,4 млрд тг). Сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенін қолдау мақсатында 33,1 млрд теңге (9,5 АШТӨ-ге) қаражат бөлінген. Оның ішінде 22,8 млрд теңге (7,5 АШТӨ-ге) мемлекеттік субсидиялауға бағытталған, - дейді Бердібек Сапарбаев. 
Оның айтуынша, биылғы 9 айда ауыл шаруашылығы өнімі 273 млрд теңгеге өндіріліп, 103,4%-ға өскен.

Салаға жыл басынан бері 22,5 млрд теңге (107% өсім, 2019 жылы 21,0 млрд теңге) көлемінде инвестиция тартылған.

Сонымен қатар биылғы егістік алқап көлемі 735 мың гектарға (2019 жылы 687 мың га) жетіп, 48 мың гектарға  (7%-ға) артты. Биыл егістік алқабын 735 мың га жеткіздік. 2019 жылмен салыстырғанда 47 мың га артты. Бүгінге 359,3 мың га (817 мың тн) алқаптан дәнді дақылдар жиналды.

Облыстағы мал басы саны 3,9 млн басқа (2019 жылы 3,7 млн бас) дейін жетіп, 5,3%-ға артып отыр, - дейді әкім.

«Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру жобасы» қолға алынған. Аталған жобаның 5 бағыты бойынша жалпы 8,5 млрд теңге несие қаражаты игерілген.

Жалпы пилоттық жобаны іске асыру барысында мынандай нәтижелерге қол жеткізіліпті:
1. Жұмыссыздар саны 1129 дан 589 дейін немесе 48% азайған.
2. Жаңадан 589 жұмыс орны ашылған;
3. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 490 адамға немесе 32% кеміген (1539 адамнан 1049 адамға дейн).
4. Нәтижесіз өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны 640 адамға (35%) төмендеген (1846-дан 1206 дейін).
5. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыз 2 238 адам жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. 

Жамбыл облысында іске асырылып жатқан пилоттық жоба аясында қосымша 20 округте (әр ауданнан 2 округтен) одан әрі іске асыру үшін 3631 жобаға 11,5 млрд теңге қажет.

Таңдалған округтердегі 11,1 мың аулада халықтың жалпы саны 63,5 мың адамды құрайды. Пилоттық жобаның екінші кезеңін іске асырған жағдайда келесі нәтижелерге қол жеткізу көзделуде, - дейді Сапарбаев.

Өзгелердің жаңалығы