Сапарбаев: Тұрғындар мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктері туралы білуі керек

19 Қазан 2021, 21:48
1760
Бөлісу:
Сапарбаев: Тұрғындар мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктері туралы білуі керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы қаралды.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев санитарлық-эпидемиологиялық ахуал тұрақты екенін айтты. 18 қазандағы жағдайға сәйкес Жамбыл облысында COVID-19 ауруының жалпы 20 606 дерегі тіркелген.

Облыс бойынша 18 жастан асқан 631 300 адам вакцинациялауға жатады. Жоспар 79,5 пайызға орындалған.

Аймақ басшысы коронавирусқа қарсы егу науқанын жалғастыруды, білім беру ұйымдарында санитарлық нормалардың сақталуын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы қаралды. Жобалар халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, ШОБ үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру, өңірлерде бизнесті және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту секілді бағыттарды қамтиды.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубековтың айтуынша, бірінші бағыт бойынша 9,5 миллиард теңге көлемінде 29 жобаны іске асыру жоспарланған. 29 нысанда құрылыс жұмыстары басталған. 709 жұмыс орны құрылса, оның 536 – сы жұмыспен қамту орталықтары арқылы ашылған. 487 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарлануда.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде электрондық еңбек шарттарын жасасу көрсеткіші 95,4 пайызды, міндетті зейнетақы жарналарын есептеу көрсеткіші 81,5 пайызды құрады.

Екінші бағыт – шағын және орта бизнес үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру бойынша 1884,0 миллион теңге көлемінде 227 несие беру көзделіп отыр. Бүгінгі таңда 588 жобадан тұратын пул құрылды, 385,1 миллион теңге көлеміндегі 70 жоба мақұлданды, 65,5 миллион теңгеге 12 жоба қаржыландырылды.

Үшінші бағыт – агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша 12 миллиард теңге көлеміндегі 6 жоба қаржыландыруды талап етеді. Бұл бойынша салалық басқарма ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныс жолдаған. Жобалар қатарында «Азия сад» ЖШС (көкөніс сақтау қоймаларын салу), «Әулие Ата Феникс» ЖШС (құс фабрикасының қуатын арттыру), «Асыл тұқым KZ» ЖШС (асыл тұқымды шаруашылық-репродукторды кеңейту), «Ахмет» ШҚ (сүт фермасын салу), «AGROSTAN» ЖШС (мал шаруашылығын дамыту), CANADIAN BACON LTD компаниясы (кәсіпорын қуатын арттыру) бар.

ҚР Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің деректеріне сәйкес 1 қазандағы жағдай бойынша Жамбыл облысы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында бөлінген қаражатты игеруде өңірлер арасында төртінші орында, міндетті зейнетақы жарналарын төлеу бойынша бірінші орында тұр.  Жұмыспен қамту көрсеткіштері бойынша біздің облыс жоспарды 99 пайызға орындады.

Ж.Баубеков жыл басынан бері «Еңбек» бағдарламасы аясында жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 49 640 адам қамтылғанын, оның ішінде 25 239 адам тұрақты жұмысқа орналасқанын хабарлады.

Бағдарлама бойынша 966 жамбылдық жалпы 4338,4 миллион теңге көлеміндегі шағын несиелерге қол жеткізген. 3789 адам  жалпы 2210,5 миллион теңгенің қайтарымсыз гранттарына ие болса, жыл соңына дейін тағы 919 адамға осындай грант берілмек. Барлығы 1020 адам қысқа мерзімді оқытудан өтсе, оның ішінде 1015 адам жұмысқа орналастырылды.

Жастар тәжірибесімен 1720 маман, әлеуметтік жұмыс орындарына — 1435 адам, қоғамдық ақылы жұмыстарға — 10 411 адам жолданған. Барлық бағыттар бойынша жоспар орындалған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың негізгі тапсырмаларының бірі – жұмыспен қамту мәселелерін шешу және жұмыссыздықты төмендету. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде, қосымша жұмыс орындарын ашу үшін барлық жағдай жасалған. Адамдар үшін ең бастысы – жұмыстың болуы және жалақының уақтылы берілуі. Тұрғындар мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктері туралы білуі, қайтарымсыз гранттарға қол жеткізуі үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіңіздер. Салалық ведомстволар министрліктермен бірлесіп жұмыс істеуі керек, - деп атап өтті облыс әкімі.

Аймақ басшысы аудан әкімдерінен жыл соңына дейін бөлінген қаржының игерілуін қамтамасыз етуді талап етті.

Өзгелердің жаңалығы