Сапарбаев Тараздағы супермаркеттер мен дәріханаларды тексерді

16 Наурыз 2020, 09:10
1952
Бөлісу:
Сапарбаев Тараздағы супермаркеттер мен дәріханаларды тексерді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 15 наурыз күні Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы супермаркеттердегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тексерді. Атап айтқанда, ол "Корзинка", "Firkan" және "Март Магнат" сауда желілерінің дүкендерінде болды.

Өңір басшысы тұтынушылармен кездесіп, азық-түліктің жеткілікті деңгейде қамтылу барысына, ұсынылып отырған тауарлардың түрлеріне, оның ішінде жергілікті өндірістің үлесіне айрықша көңіл бөлді.  Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына аталған мәселені бақылауда ұстау, азық-түлік тауарларының қала базарларына үздіксіз жеткізіліп отыруын бақылауда ұстауды тапсырды.

Өз кезегінде сауда орындарының әкімшіліктері бүгінгі күні сөрелер азық-түлікке толы екендігін, дүрлігу мен ұзын-сонар кезектің байқалмайтынын атап өтті. Мониторинг тобының мәліметтеріне сүйенсек, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы тұрақты, дегенмен қант пен картоп бағасының шамалы қымбаттағаны анықталған.

WhatsApp Image 2020-03-15 at 15.30.02.jpeg WhatsApp Image 2020-03-15 at 15.31.11.jpeg

Сондай-ақ, облыс әкімі облыстың тұрақтандыру қорының азық-түлік тауарлары сақталатын "Атығаева" жеке кәсіпкерлігінің қоймаларында ат басын бұрды.

"Тараз" ӘКК басқарма төрағасы Нүркен Шәрбиевтің айтуынша, Жамбыл облысының тұрақтандыру қорында 2 974 тонна бірінші сұрыпты ұн, 63 тонна күріш, 54 тонна қарақұмық, 18 тонна өсімдік майы, 537 тонна картоп, 563 тонна пияз, 193 тонна сәбіз, 2 644 тонна қант сақтаулы. Аталған қордың өнімдері 11 сауда нүктелерінде және қаланың 8 әлеуметтік павильондарында төмендетілген бағамен сатылады.

Алайда, аймақ басшысы Н.Шарбиевтің баяндамасына қанағаттанбай, шынайы жағдайдың басқаша екендігіне, кейбір әлеуметтік маңызға ие азық-түлік бағасының өсуіне қатысты фактілердің расында жоқ еместігін алға тартты. Бердібек Сапарбаев ӘКК басшысына тұрақтандыру қорының азық-түлігі сатылатын барлық әлеуметтік дүкендердің жұмысына арнайы өзі барып, бақылау жүргізуді тапсырды.
Сонымен қатар, бұл күні облыс әкімі қаланың бірнеше дәріханасында бас сұқты. Дәріханаларда дезинфекциялау құралдары мен медициналық маскалар бар, алайда олардың құны негізсіз жоғарылағаны белгілі болып отыр.

Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысының аумағында медициналық бұйымдар шығаратын кәсіпорын жұмыс істейтінін, оның қуаттылығы өңірді медициналық маскаларымен толық қамтамасыз етуге мүмкіндігі жететінін атап өтті. Осы орайда облыс басшылығы бағаның алыпсатарлық негізде өсуіне жол бермеу бойынша қатаң шаралар қабылданатынын жеткізді.


Өзгелердің жаңалығы