Сапарбаев: Сонау қасіретті кезеңдерде де халқымыздың рухы аласарып, сағы сынған жоқ

31 Мамыр 2021, 23:00
3325
Бөлісу:
Сапарбаев: Сонау қасіретті кезеңдерде де халқымыздың рухы аласарып, сағы сынған жоқ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақ елі өз тарихында талай тар жол, тайғақ кешу мен түрлі қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткерді. Сондай ең бір қайғылы да қасіретті оқиғалардың бірі – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық, деп жазды Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оның айтуынша, жүз мыңнан астам адам жазықсыз сотталып, оның төрттен бірі өлім жазасына кесілсе, миллиондаған адам аштан ажал құшты.

Біз саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының есімдерін ұмытпай, әрдайым олардың рухына тағзым етеміз. Ол – біздің перзенттік парызымыз. Зұлмат жылдарында азаттықты аңсаған арыстарымыз тоталитарлық жүйенің құрсауына ілігіп, арманда кетті. Қолдан ұйымдастырылған нәубет-ашаршылықтан халқымыздың жартысына жуығы аштан қырылып, талайы шекара асуға мәжбүр болды. Десе де, сондай қасіретті кезеңдерде де халқымыздың рухы аласарып, сағы сынған жоқ. Қайырымдылығы мен бірлігін жоғалтпады. Паналап келген басқа халықтарды бауырына басып, барымен бөлісті, - деді әкім. 

Ол 30 жыл дегенде арыстарымыз ақталып, тарихи ақтандақтар ашылып жатқанын айтты.

 

Бүгінде сан ғасыр бойы арман-аңсарымызға айналған Тәуелсіздігімізге 30 жыл толып отыр. Арыстарымыз ақталып, тарихи ақтандақтар ашылуда. Санамыз жаңғырып, мақсатымыз айқындала түсті. Біз мұндай тауқыметтің қайталанбауын тілеп, еліміздің жарқын болашағы жолында жұмыла жұмыс істеуге тиіспіз. Елдігіміз нығайып, ырыс-ынтымағымыз, бірлік-берекеміз арта бергей!, - деп түйіндеді Сапарбаев.


 

Өзгелердің жаңалығы