Сапарбаев Президентке Байзақ ауданында болған төтенше жағдайдың салдарын жою жөнінде есеп берді

9 Қыркүйек 2021, 16:24
855
Бөлісу:
Сапарбаев Президентке  Байзақ ауданында болған төтенше жағдайдың салдарын жою жөнінде есеп берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президент Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың есебін тыңдады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың Байзақ ауданында болған төтенше жағдайдың салдарын жою жөніндегі есебін телефон арқылы тыңдады. Президентке 122 жылжымайтын мүліктің, соның ішінде 106 тұрғын үй, 12 коммерциялық және 4 әлеуметтік нысанның қирағаны жөнінде баяндалды.

Қазіргі уақытта 12 мекеме, 23 техника мен 185 жұмысшы қайта қалпына келтіру жұмыстарына жұмылдырылған.

Жамбыл облысы әкімінің айтуынша, бүгінге дейін 62 тұрғын үй жөнделген. Жалпы қайта қалпына келтіру жұмыстарын 10 қарашаға дейін аяқтау жоспарланып отыр. Жібек жолы ауылындағы қираған №5 орта мектептің орнына жаңа мектеп салынады.

Бердібек Сапарбаевтың мәліметі бойынша, 26 адам стационарда ем алып жатыр. Олардың 15-і госпитальда емделіп жатқан әскери, полиция және Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің қызметкері.

Жарылыстан қаза болғандардың отбасыларына материалдық көмек көрсетілуде, сондай-ақ, зардап шеккен отбасылардың жұмыссыз мүшелерін жұмысқа орналастыру мәселесі шешіліп жатыр. Екінші деңгейлі банктерге қарызы бар мұндай отбасылардың кредиттерін өтеу мәселесі толық шешілген.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде мәлімет берілді. Жамбыл облысының экономикалық өсімі 106,4 пайызды құрайды. Биылғы қаңтар-тамыз айларының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің өсімі 5,4%, ауыл шаруашылығы 3%, инвестиция 19,5 %, құрылыс 9%, тұрғын үй 14%, сауда-саттық 4% деңгейінде болады деп күтілуде.

Биыл ауа райының қолайсыздығы мен қуаңшылыққа қарамастан, егін өнімділігі облыс бойынша гектарына 15 центнерден айналмақ.
Әкімнің айтуынша, облыстағы вакцина алуға тиісті тұрғындардың 72,5 пайызы екпе алған.
Сонымен қатар Президентке вакцина шығаратын зауыттың дайын өнімді құюға толық әзір екені айтылды. Жұмыс кестеге сай жүргізілуде.

Зауыт пен Биологиялық қауіпсіздік проблемалары жөніндегі ғылыми зерттеу институтының қызметкерлеріне арналған үйлер мен акт залы бар дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасып жатыр.

Әңгімелесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкіміне осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

Өзгелердің жаңалығы