Сапарбаев: Неге облыстық филармония ауылдарға барып өнер көрсетпейді?

12 Желтоқсан 2020, 17:54
1520
Бөлісу:
Сапарбаев: Неге облыстық филармония ауылдарға барып өнер көрсетпейді?

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен кеңес өтті, онда бірқатар басқарма басшыларының идеологиялық салада атқарылған жұмыстар туралы есептері тыңдалды.

Облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Мақпал Досымбекова ағымдағы жылдың 11 айындағы бюджет қаражатын игерілуі туралы баяндады. Мемлекет басшысының қолдауымен облыста «Бейбітшілік пен келісім» жобасы жүзеге асырылуда. Тұрғындардың наразылығын тудыруы мүмкін өзекті мәселелерді ескере отырып, қауіп-қатерлер картасы әзірленген. Басқарма ай сайын облыстағы қоғамдық-саяси жағдайды зерделеп отырады. «Асарлатып үй салу» жобасы аясында 123 үйдің құрылысы басталса, бүгінгі таңда 60 үйдің кілті табысталып үлгерген. Ал, «Үлгілі ауыл» байқауына 13 ауыл қатысқан. 

Облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков ағымдағы жылы аталған саланы дамытуға 5,8 миллиард теңге бағытталғанын жеткізді. Спортпен жүйелі шұғылданатын жамбылдықтардың саны 32 пайызды немесе 359,3 мың адамды құрайды. Облыс тұрғындары үшін қолжетімді 2590 спорт нысаны жұмыс жасайды. Спорттың әр түрі бойынша Қазақстанның ұлттық құрамасының құрамына 1121 жамбылдық спортшы енген, бұл республикалық көрсеткіштің 10,3 пайызын құрайды. 

Н.Жүнісбековтің айтуынша, бір жаттықтырушыға ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, 42 спортшыға – ҚР спорт шебері, екі спортшыға – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бір маманға – ұлттық спорт түрлері бойынша спорт шебері атағы берілген десек, 23 маман жоғары санаттағы жаттықтырушылар атанған. 

Токио Олимпиадасына жолдама алған дзюдошы Елдос Сметов, еркін күрес шебері Әлішер Ерғали, боксшы Әбілхан Аманқұл өңіріміздің мақтанышы болып табылады, - деп атап өтті басқарма басшысы.  

Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сара Мәдиеваның айтуынша, ағымдағы жылы облыстың мәдениет саласына 7,1 миллиард теңге, ал «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 499,4 миллион теңге бөлініп, игерілуде. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 660 миллион теңгеге үш мәдени нысанның құрылысы жүзеге асырылуда, ал «Цифрлық Қазақстан» кешенді бағдарламасы шеңберінде 139 ауылдық округте кітапханалар жанынан 202 цифрландырылған ақпараттық және коворкинг орталықтары ашылды. Карантинге байланысты наурыз айынан бастап онлайн режимде 10444 іс-шара өткізілді. 

Ал, облыс әкімдігінің дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров өңірде 358 діни бірлестік пен филиал, 312 мешіт және 46 шіркеу жұмыс істейтінін хабарлады.  

 

Қазір көптеген адамдар өзінің пікірлерін әлеуметтік желі арқылы білдіруде. Көптеген сындар айтылуда. Олардыкі орынды. Алайда, тұрғындар көбіне аймақта жүзеге асып жатқан ауқымды шаралар туралы біле бермейді. Сондықтан ішкі саясат басқармасы әлеуметтік желілермен жұмыс жасауы тиіс. Сонымен қатар, үкіметтік емес ұйымдардың қызметін бақылауға алу қажет. Оларға жеткілікті деңгейде қаражат бөлінуде. Жұмыс та соған сай болуы керек. Неге облыстық филармония ауылдарға барып, ауыл тұрғындарына өнер көрсетпейді? Осыған назар аударуыңызды сұраймын, - деді Бердібек Сапарбаев.
 

Кездесу соңында Бердібек Сапарбаев «Egemen Qazaqstan» газетінің облыстағы меншікті тілшісі, жуырда ғана «Алтын тобылғы» әдеби сыйлығының лауреаты атанған ақын Хамит Есаманға «Алғыс хат» тапсырды.

 

Өзгелердің жаңалығы