Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Меркі ауданының тұрғындарымен кездесіп, өтініштерін тыңдады. Кездесуде аудан әкімі Руслан Нұрсипатовтың өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы есебі тыңдалды.
Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиында алдымен аймақ басшысы облыста және ауданда атқарылған жұмыстар туралы қысқаша хабарлады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы ауқымды міндеттерге кеңінен тоқталып, басты міндет – жаңа құжаттың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету екендігін айтты.
- Президент өз Жолдауында еліміздің саяси жаңғыруы негізіндегі даму бағыттарын айқындап, азаматтарының әл-ауқатын көтеру қажеттігін атап өтті. Парламент пен мәслихаттың рөлін күшейту, сайлау жүйесін жетілдіру, мемлекеттік басқаруға азаматтардың қатысын арттыру секілді мәселелерге айрықша назар аударылып, жергілікті атқарушы органдарға да маңызды жауапкерішілік жүктелді.
Қазіргі таңда әлемдегі қалыптасып отырған күрделі ахуал біздің елімізге, оның ішінде өңірімізге де өз әсерін тигізуде. Дегенмен, біз бұл тұрғыда жүйелі, нәтижелі жұмыс істеуге тиіспіз. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру, жұмыс орындарын қысқартпау, жаңа жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік міндеттемелерді уақытылы орындау, мәселелерді жедел шешу – басты назарда.
Бүгінгі таңда арнайы ақпараттық-насихаттық топтар құрылып, олар жергілікті халықтармен кездесеулер өткізеді. Топ мүшелері Мемлекет басшысының Жолдауының мән-маңызы, онда жүктелген тапсырмалардың орындалу барысы туралы айтатын болады.
Өткен жылы атқырылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде облыстың экономикалық өсімі 105,8 пайызға жетті. Қандай да бір қиындықтарға қарамастан даму қарқынын төмендетпей, арттыра түсуге тиіспіз. Ол үшін бұқара мен биліктің бірлесіп әрекет етуі, қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылықты қамтасыз етуі аса маңызды. Сол арқылы ғана біз дамуға қол жеткізе аламыз, - деді Б.Сапарбаев.
Келесі кезекте аудан әкімі аудандағы ахуалдың жай-күйі мен атқарылған негізгі шаруалар туралы жан-жақты баяндады. Оның айтуынша, әлеуметтік нысандар салу, көшелерді жарықтандыру, жол жөндеу және тұрғын үйлерді жаңғырту, инфрақұрылым тарту жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асуда.
- Өткен жылы облыс басшылығының қолдауымен, аудандық мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту және бейімдеу орталығында өңірімізде алғашқы болып иппотерапиялық алаң ашылды. Ал Жамбыл ауылдық округіне қарасты Тұрлыбай батыр ауылындағы №34 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толықтай аяқталды. Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының аясында 15 көшеге және аудандық бюджеттен 20 көшеге асфальт төселді, - деген Р.Нұрсипатов басқа да оң көрсеткіштерге тоқталып өтті.
Аудан басшысы алдағы уақытта ашылатын кәсіпкерлік нысандар халық сұранысын қанағаттандырумен қатар, жұмыссыздықты азайту және кәсіпкерліктің өркендеуіне оң ықпалын тигізетініне сендірді.
Жиын соңында тұрғындар көкейлерінде жүрген ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Меркіліктер негізінен көшелерді жарықтандыру жұмыстарын жалғастыру, жолдарды асфальттау, халық көп жүретін және шет аймақтардағы көшелерді тұрақты түрде тазалап отыру секілді бірқатар мәселелерді көтерді.
Есептік кездесуден соң аймақ басшысы 20-ға жуық тұрғынды жеке қабылдады. Олар пайдаланусыз жатқан жайылымдық жерлерді халық игіліне беру, су қоймаларына тазарту жұмыстарын жүйелі жүргізу, сапалы жолдар салу, жедел жәрдем көлігімен қамтамасыз ету және мектеп, спорт нысандарын жөндеу секілді сұрақтармен жүгінді.
Облыс әкімі тұрғындардың барлық өтініштері назарға алынып, заң аясында шешілетін атап өтті.
Бердібек Сапарбаев аудандағы жұмыс сапары барысында жергілікті кәсіпкер Ержан Қырғабақовтың шаруашылығына арнайы ат басын бұрды.
Кәсіпкер өз үйінің ауласынан 3 жыл бұрын бассейн, былтыр коньки тебетін алаң ашқанын, алайда ойға алған ісі пандемия салдарынан жүзеге аспай қалғанын жеткізді. Сол себепті, бұл нысанды спорт кешені ретінде пайдалану үшін қолдау білдіруін сұрады. Өз кезегінде аймақ басшысы тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкерлерге жергілікті билік тарапынан көмек берілетінін жеткізді.