Сапарбаев: Көзбояушылықпен емес, нақты мәселемен айналысыңдар

2 Сәуір 2020, 09:14
2159
Бөлісу:
Сапарбаев: Көзбояушылықпен емес, нақты мәселемен айналысыңдар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 6 сәуірден бастап еліміздегі мектептер қашықтықтан білім беруге көшеді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында Жамбыл облысы оқу орындарының жаңа бұл бағыттағы дайындық барысы талқыланды.

Жуырда Байзақ ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі жергілікті мектептердің біріне бас сұғып, бірқатар жайтқа қанықты. Ондағы тозығы жеткен парталар мен тақаталарда балалардың әлі күнге сабақ оқып жатқанын ескерсек, жоғары  жылдамдықты интернет туралы айтудың өзі ұят, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Көзбояушылықпен айналысуды тоқтатыңыздар. Нақты  ахуалды көрсетіңіздер. Әйтпесе, біз жағдайды жақсарта алмаймыз. Бұл тек білім беруде ғана емес, өңірдегі барлық салаға қатысты. Таразға жақын орналасқан аудандардағы мектеп осындай болса, онда шалғай аумақтар туралы не айтуға болады? Мемлекет басшысының қашықтықтан оқытуға көшу туралы тапсырмасын қалай іске асырамыз, – деді облыс әкімі.
Сапарбаевтың айтуынша, өңірдің білім сапасы жұмыстар сын көтермейді, ал қашықтықтан оқытуды енгізгеннен кейін ол тіпті төмен деңгейге құлдырап кету қаупі бар.

Талдау көрсеткендей, көптеген аудан мектептерінде компьютерлер мен моноблок жетіспейді, ал 125 ауылдық елді мекен интернетпен қамтамасыз етілмеген. "Қазақтелеком" АҚ ұлттық байланыс операторының өкілі мұндай қысқа уақытта  бұл мәселені шешуге қатысты сауалға нақты жауап бере алмады.

Айта кету керек, қашықтықтан оқыту кезінде мектептерді компьютерлендіру сияқты көрсеткіштер аса маңызға ие емес. Бұл жерде бастысы – балардың өз үйлерінде планшеттер мен ноутбуктермен қамтылуы. Бұл техникаларсыз оқытудың жаңа форматына көшу мүмкін емес.

Аймақ басшысы облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жәмилә Бекбатыроваға барлық мектептерді қашықтықтан оқытуға дайындық тұрғысынан тексеру, оқушылардың үй жағдайында білім алу мүмкіндіктерін анықтау туралы нақты тапсырмалар жүктеді.

Өзгелердің жаңалығы