Сапарбаев: Біз үшін тұрғындардың денсаулығы мен өмірін қорғау – аса маңызды

19 Шілде 2021, 15:10
4277
Бөлісу:
Сапарбаев: Біз үшін тұрғындардың денсаулығы мен өмірін қорғау – аса маңызды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазіргі таңда жаһандағы коронавирустық инфекцияға қатысты эпидемиялогиялық ахуал сәт санап қайта күрделене түсуде. Еліміздегі ахуал да алаңдатарлық күйде десек, қазір 14 өңір «қызыл» аймақта. Біздің облысымыз «сары» аймақта. Өткен тәуліктің өзінде 53 азаматтан вирус анықталған, деп жазды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Facebook-тегі парақшасында.

Індетке шалдыққандар санының өсуіне санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталмауы, қауіпсіздік ережелерінің бұзылуы әсер етуде. Бұл ретте тексеру жүргізетін мониторингтік топтардың жұмысын күшейту бойынша жауапты тұлғаларға тапсырмалар берілді. Біз үшін тұрғындардың денсаулығы мен өмірін қорғау – аса маңызды. Сондықтан, санитарлық талаптар мен шектеу шараларын барынша ұстанған абзал.

Індеттен құтылудың негізгі жолы – ұжымдық иммунитетті қалыптастыру. Осы орайда мамандар да жаппай вакцина қабылдаудың маңызы зор екенін айтып отыр. Баршаңыздан коронавирусқа қарсы екпе салдыруда белсенділік танытуға, өздеріңіз бен жақындарыңыздың денсаулығын сақтауға жанашырлықпен қарауға шақырамын. Сонда ғана, түрлі қиындықты еңсерген еліміз, сабырлық пен бірлікті ту етіп, бұл сыннан да сүрінбей өтеді деген сенімім зор, - деп жазды Бердібек Сапарбаев.

Өзгелердің жаңалығы