Санитарлық режимді бұзудың кез келген жағдайының жолын кесу қажет - Мамин

30 Қыркүйек 2020, 09:51
1588
Бөлісу:
Санитарлық режимді бұзудың кез келген жағдайының жолын кесу қажет - Мамин

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Санитариялық режимді бұзудың кез келген жағдайының жолын кесу қажет. Бұл туралы Премьер-министр Асқар Мамин Үкіметтің онлайн отырысында айтты. 

Жалпы, елдегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдай тұрақтанды. Вирустың репродуктивтік деңгейі 0,93 құрап отыр, бұл қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін көрсетеді. Дегенмен, әлемде және бірқатар шекара маңындағы елдердегі эпидемияның тұрақсыздығын ескеріп, біз санитариялық талаптарды сақтау шараларын күшейтуіміз қажет, - деді Мамин.

Осыған орай Мамин бірқатар тапсырма берді. 

Мүдделі мемлекеттік органдар мен өңірлердің әкімдіктері санитариялық-эпидемиологиялық іс-шаралардың 100 пайыз дайындығын қамтамасыз етсін. Денсаулық сақтау министрлігі көшпелі медициналық кешендер мен жедел жәрдем автокөліктерін, қажетті техника мен жабдықты, жеке қорғану құралдарын сатып алуын қамтамасыз етіп,        оларды 15 қазан айына дейін өңірлерге беру бойынша барлық қажетті шараларды қабылдасын, - деді ол. 

Мамин Ішкі істер министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен бірге санитариялық талаптардың сақталуын бақылайтын мониторинг топтарының жұмысын күшейту туралы тапсырма берді. 

Санитариялық режимді бұзудың кез келген жағдайының жолын кесу қажет. Денсаулық сақтау министрлігінің Қазақстанға келетіндерді санитариялық-карантиндік бақылауға алуды күшейту жөніндегі ұсыныстарын Ведомствоаралық комиссияда қарауды тапсырамын. Денсаулық сақтау министрлігі, «СК-Фармация» және әкімдіктермен бірлесіп, медицина ұйымдарында және дәріханаларда дәрілік заттардың және жеке қорғану құралдарын болуын қамтамасыз етсін, - деді ол.  

Ол атағандай, өңірлерде дәрілік препараттардың бағаларына бақылау жүргізу қажет.

Өзгелердің жаңалығы