«Самұрық-Қазына»: трансформациялау бағдарламасының таза пайдасы 128 млрд теңге

10 Желтоқсан 2020, 18:32
1297
Бөлісу:
 «Самұрық-Қазына»: трансформациялау бағдарламасының таза пайдасы 128 млрд теңге

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Премьер-министр Асқар Мамин мен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов «Цифрлық трансформация: өндірістік инновациялар мәдениеті» атты тақырыпта өткен дәстүрлі «Digital Samruk-2020» конференциясына қатысты.

Самұрық-Қазынаның Цифрлы даму бағдарламасы 71 жобадан тұрады. 2018-2020 жылдар аралығында таза пайда 128 млрд теңгені құраған. Сонымен қатар, биыл Қор жаңа идеяларды іздеу процесін іске қосқан. Осылайша, 250 жаңа идея жиналып, оның 16-сы нақты жобаға айналған. Енді жобалар стратегиялық көрсеткіштерге ғана емес, өндірістегі негізгі жүйелі проблемаларды шешіп, өндірісті жақсартуға жұмыс істейді.

Конференция барысында сөз алған Үкімет басшысы Қазақстан БҰҰ-ның рейтингісінде «электронды үкіметті» дамыту деңгейі бойынша алдыңғы 30 елдің арасына қосылғаны маңызды деп атап өтті. Асқар Мамин атап өткендей, жасанды интеллект технологияларын енгізіп, салықтық әкімшілендіру, білім беру, мемлекеттің бизнес және азаматтарман өзара іс-қимылына  BigData жүйесін енгізу керек екенін айтты.

Министрлер кабинетінің басшысы ауылдарды интернетпен қамту мәселесіне де ерекше назар бөлді. Оның айтуынша, инвестиция көлемі 50 млрд теңге болатын мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясындағы өте үлкен ауқымды жоба басталмақ. Жоба арқылы аграрийлер мен өнеркәсіптегі кәсіпорындарға байланыс тартып беру көзделген. «50 млрд теңге инвестиция 100 млн гектардан астам жерді байланыспен қамтиды, соның арқасында орылатын астық көлемі 20%-ға артып, шығындар 15%-ға азаяды», - дейді Премьер-министр.

Іс-шарада сөз алған Ахметжан Есімовтің айтуынша, Қор цифрлы трансформация бағдарламасын 2019 жылы бастаған және осы цифрлы трансформация бағдарламасының әдіс-тәсілдерін компаниялар тобының барлық саласына, оның ішінде құжат айналым жүйесінен бастап, ірі кен орындарындағы жұмысты үйлестіруге дейін қолдануға болады.

«Коронавирустық пандемияның әлемдік экономикаға әсері белгілі. Сонымен бірге бұл пандемия бізді тезірек шешім қабылдауға мәжбүр етті. Атап айтқанда, цифрландыру және біздің трансформация жөніндегі бағдарламаларымыз саласында. Біз алға қойған жоспарларымызды толықтай орындадық. Бұл бағдарламадан 128 млрд теңге көлемінде пайда алдық», - дейді Ахметжан Есімов.

Жалпы, конференция барысында  Цифрлық трансформация тұжырымдамасының жаңартылған мақсаты жария болды. Трансформация бағдарламасының нәтижесі ретінде мұнай өңдеуші зауыттардағы цифрландыру бағдарламасы мысал болды. Мәселен, Атырау мұнай өңдеу зауыты мен Павлодар мұнай химия зауытындағы технологиялық қызмет көрсету мен құрылғыларды жөндеу жүйесіндегі өзгерістер 3 жылғы жөндеуаралық кезеңнің көрсеткішіне қол жеткізген. Осылайша, екі зауыт бойынша 2019-2020 жылдары 3,5 млрд теңге үнемделген.   

Ал, «Инкай» ЖШС-дағы, «ҚазАтомӨнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның еншілес ұйымдарындағы цифрландыру процестері жөндеу жұмыстарына кететін уақытты 5%-ға дейін азайтып, қызметкердің кінәсінен құрылғылардың бұзылу фактілерін 15%-ға дейін, құрылғының істемей қалу уақыты 9%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді.

Ал пандемия басталған кезде Қор мен портфелді компаниялардағы штаттың 84%-ы немесе 20 мың адам өндіріс пен еңбек өнімділігіне кесіріне тигізбестен, қысқа уақыт ішінде қашықтан жұмыс істеуге ауыстырылған. Бұл да трансформация бағдарламасының тағы бір нәтижесі. 

Өзгелердің жаңалығы