Қазақстанда емі жоқ ауруға шалдыққан балаларды шетелдерге жібердік – Ахметжан Есімов

9 Сәуір 2019, 16:43
3343
Бөлісу:
Қазақстанда емі жоқ ауруға шалдыққан балаларды шетелдерге жібердік – Ахметжан Есімов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін "Самұрық-Қазына" АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысына қатысып, Қордың әлеуметтік саясатының нәтижелерін жария етті.

Ахметжан Есімов баяндамасында Қор Елбасы жариялаған елдегі әлеуметтік бастамалардың барлық бағыттарын белсенді түрде іске асырып келе жатқанын атап өтті. Нақты нәтижелерге тоқталған ол "Самұрық-Қазына" қоры әлеуметтік саясатқа жалпы 4,8 млрд теңге қаржы бөлгенін жеткізді.

"Қазіргі жағдайға сәйкес, "Samruk-Kazyna Trust" әлеуметтік жобаларды дамыту қоры "Самұрық-Қазынаға" кіретін барлық компаниялардың атынан жалпы құны 4,8 млрд теңге болатын, әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге бағытталған 15 жобаны жүзеге асырып отыр", - деп атап өтті Ахметжан Есімов Үкімет отырысында.

Бұл жобалардың арқасында еліміз бойынша сал ауруына шалдыққан 1170 балаға тегін оңалту курстары ұйымдастырылған. Мектеп жасындағы тоғыз мыңнан астам жасөспірім Қордың қолдауымен білім беру үйірмелері мен спорт үйірмелеріне тегін қатысып жүр.

Баса айта кетерлігі, Қор Қазақстанда емделмейтін дертке шалдыққан жүзге жуық балаға шетелде емделуге қаржылай көмек көрсеткен. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысына қатысқан 1400-ге жуық ардагер мен тың еңбеккерлеріне әлеуметтік-тұрмыстық көмек көрсетілген.

Сондай-ақ, Есімовтің баяндамасынан белгілі болғандай, "Медицина пойыздары" жобасы аясында республиканың шалғайдағы станцияларында тұратын алпыс мыңнан астам адамға білікті дәрігерлер диагностика жасап, ем көрсеткен.

"11 облыс бойынша шалғайда жатқан елді мекендерде 41 спорт және ойын алаңы салынып, коммерциялық емес 60 ұйымдағы 120 қызметкерге қосымша білім, кеңес беру курстары ұйымдастырылды. Бұлардың арасында 50 ұйымға Қор әлеуметтік кәсіптерін дамыту үшін грант бөлді", - деп хабарланған Қордың баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Айта кетейік, наурыз айының басында өткен "Нұр Отан" партиясының XVIII съезінде Елбасының халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған тапсырмаларын жария етті. Осы мақсаттардың орындалуын талқылау барысында "Самұрық-Қазына" қорының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов "оң қаржылық нәтижелер әлеуметтік жобалардың іске асырылуын жалғастырып қана қоймай, Елбасы тапсырмаларының аясында олардың ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді" деп атап өткен болатын.

Естеріңізге салсақ, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамы 2008 жылы Елбасының жарлығымен құрылған. Оның дара акционері Қазақстан Республикасының Үкіметі және Қор Қазақстан Республикасының ұлттық әл-ауқатын көтеру және ұлттық экономиканы жаңғыртуға қолдау көрсету мақсатында жұмыс істейді. Қор активі шамамен 67,4 млрд долларды құрайды.

 

 

Өзгелердің жаңалығы