Threads желісінде Астанадағы «Samsa food» дәмханасында түсірілген видео тараған болатын. Кадрда пицца қамырына кетчупты қолмен жаққан қызметкерлер мен жерге түскен самсаны көтеріп, қайта қойған дәмхана иесінің бірнеше видеосын көруге болады. Бұл басы ғана.
Сарайшық ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тұрғындардың бес өтініші негізінде нысанды тексеріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жарияланымда дәмхананың қала дүкендеріне де дайын тағам жеткізетіні айтылған.
Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, видеода аталған аспаздық цех пен дәмхана Өзбекәлі Жәнібек көшесі, 18 мекенжайында орналасқан. Екі нысан да қызметін бастағаны туралы міндетті хабарламаны бермей жұмыс істеп келген.
Тұрғындар өтініштерін e-Otinish жүйесі арқылы жолдаған. Аудандық басқарма осы өтініштер бойынша жоспардан тыс тексеру тіркеген. Тексеру әлі аяқталған жоқ. Департамент кәсіпкерге қатысты жедел ден қою және әкімшілік шаралар тексеру қорытындысы бойынша қабылданатынын хабарлады.