Самокатқа қатысты жаңа ереже күшіне енді: Кімге айыппұл салынуы мүмкін?

25 тамыздан бастап самокат мінгендерге жаңа талаптар қойылды. Бас прокуратура жолдағы өзгерістерді ескертіп, бұзушылық үшін жауапкершілікті де еске салды.

25 Тамыз 2026, 16:35
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов 25 Тамыз 2026, 16:35
25 Тамыз 2026, 16:35
118
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Жыл сайын Қазақстан жолдарында электрсамокаттар, мопедтер, велосипедтер және басқада жеке мобильділік құралдарының саны артып келеді. Олардың танымалдығының өсуімен қатар, осы көлік түрлерінің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының саны да көбейіп отыр. Бас прокуратура самокат енді ойын-сауық құралы емес екеніне тоқталып, жолдағы жаңа ережелер мен жауапкершілікті еске салды.

Жыл басынан бері мопед жүргізушілерінің кінәсінен 390 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, онда 33 адам қаза тауып, тағы 461 адам жарақат алған. Велосипедшілердің кінәсінен 169, шағын электр көлік құралдарын басқарушылардың кінәсінен 97, электрсамокат жүргізушілерінің кінәсінен 47 жол-көлік оқиғасы орыналған. Осы оқиғалардың барлығында 329 кәмелетке толмаған бала зардап шегіп, 10 бала қаза тапқан.

Сонымен бірге мұндай көлік құралдарын пайдаланушылардың өздері де жол-көлік оқиғаларынан зардап шегуде. Электрсамокат жүргізушілерін көлік қағып кетудің 145, мопед жүргізушілерін – 82, шағын электр көлік құралдарын басқарушыларды қағып кетудің 52 дерегі тіркелген. Бұл оқиғалар салдарынан төрт адам қаза тауып, 300-ге жуық адам түрлі жарақат алған.

Бұл көрсеткіштер жолдағы қауіпсіздік қозғалыстың барлық қатысушыларының тәртібіне байланысты екенін көрсетеді.

Жол-көлік оқиғаларының өсуіне байланысты жеке мобильділік құралдарын пайдаланушылардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған заңнамалық өзгерістер енгізілді. 2026 жылғы 25 тамыздан бастап электрсамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне тыйым салынады. Велосипед жолы немесе велосипед жолағы болған жағдайда, қозғалыс тек солар арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Олар болмаған кезде – жол жүрісі қағидаларына сәйкес жүріс бөлігінің оң жақ шетімен немесе жол жиегімен жүруге рұқсат етіледі, - деп хабарлады Бас прокуратура.

Сондай-ақ жүріс бөлігінде электрсамокатпен қозғалысқа тек 18 жасқа толған, тиісті санаттағы жүргізуші куәлігі бар және қорғаныш дулығасын пайдаланатын адамдарға рұқсат етілетінін есте сақтау қажет. Мопед жүргізушілері тек жүріс бөлігімен қозғалуға міндетті. Ал жолды жаяу жүргіншілер өткелі арқылы кесіп өткен кезде самокат, велосипед және мопед иелері көліктен түсіп, оны қасынан жетектеп өтуі тиіс.

Жолаушыларды тасымалдауға, рөлді ұстамай телефон пайдалануға, сондай-ақ тәуліктің қараңғы уақытында жарық шағылыстыратын элементтерсіз жүруге тыйым салынады.

Адамдар көп жүретін жерлерде жоғары жылдамдықпен қозғалу ерекше қауіп төндіреді. Мұндай жағдайда бірінші кезекте балалар, егде жастағы азаматтар және балалар арбасымен жүрген ата-аналар қауіп аймағында қалады. Бұдан бөлек, жолдың тайғақ болуы да қауіпті. Мысалы, су болған асфальтта, металл люктер мен плиткалы жабындарда дөңгелектің жолмен ілінісуі айтарлықтай төмендейді.

Әрбір сапар алдында көлік құралының техникалық жарамдылығына көз жеткізіп, қорғаныш құралдарын пайдалану және қозғалыс кезінде алаңдамау қажет.

Автокөлік жүргізушілері де барынша мұқият болуы тиіс. Қиылыстардан, аулалардан, жаяу жүргіншілер өткелдерінен және самокаттар мен велосипед пайдаланушыларының пайда болуы мүмкін орындардан өткен кезде жылдамдықты төмендетіп, жол жағдайының күтпеген жерден өзгеруіне дайын болу қажет, - деп хабарлады ведомство.

Кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары ерекше алаңдаушылық туғызады. Ата-аналар балаларды ерте жастан бастап жол жүрісі қағидаларына үйретіп, олардың самокаттар мен велосипедтерді пайдалануын бақылауы және заңда тыйым салынған жағдайларда көлік құралдарын басқаруына жол бермеуі тиіс.

Электрсамокат, велосипед немесе мопед адамды жолда осал болудан қорғамайды. Автокөлікпен соқтығысқан жағдайда екі дөңгелекті көлік жүргізушісі, әдетте, неғұрлым ауыр жарақат алады. Асығыстыққа, немқұрайлылыққа немесе жол ережелерін елемеуге кеткен бірнеше секундадамның денсаулығы мен өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Өзіңізді және жақындарыңызды сақтаңыздар. Жолдағы қауіпсіздік әр адамның жеке жауапкершілігінен басталады, - деп ескертті Бас прокуратура.

Еске салсақ, бұған дейін 25 тамыздан бастап Қазақстанда самокатпен тротуарда жүруге толық тыйым салынатынын хабарладық. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың самокат басқаруына да жол берілмейді.

Тағы оқи отырыңыз:
Наверх