Бұл туралы «Атамекен» ҰКП өткен сараптамалық талқылау отырысында белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Отырыста салық саясаты талқыға түсті. Кәсіпкерлер «мемлекет кәсіпкерлік мәселелеріне баса назар аударуға дайын екенін білдірді» деп атап өтті. Сондай-ақ отандық бизнестің дамуына кедергі келтіріп жатқан түйткілдер мен мәселелерді жеткізу үшін не істеу керектігін айтты.
Біз ескі заңдармен өмір сүре алмаймыз. Сондықтан оларды өзгерту керек. Қолданыстағы салық заңнамасы мен Салық кодексін қалай өзгертеміз? Бізге қазіргі сәтте салық пен өзге де төлемдерге талдау жүргізу қажет. Олардан қанша түседі, салық төлеушілер кім және бұл салықтарды кім басқарады деген сұрақтарға жауап алынуы тиіс, - деп атап өтті «Атамекен» ҰКП Алматы қаласы бойынша өңірлік кеңесінің төрағасы, «Учет» компаниялар тобының негізін қалаушы Максим Барышев.
Айтуынша, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы қосымша құн салығы туралы деректерге қол жеткізуі керек.
Қосымша құн салығын кәсіпкерлер қанша төлейтінін білеміз. Бірақ ҚҚС-на бюджеттен қанша қаржы қайтарылғаны белгісіз. Басқа елдерді, мәселен, Грузия, Оңтүстік Кореяны мысалға алсақ, оларда салық мөлшері барынша аз. Тағы бір ұсынысым – салық заңнамасына салық кэшбегін енгізу. Фискалды чекте QR-код бар. Cол кодты сканерлеген кезде фискалды чектің сомасына қарай кэшбек жиналғаны дұрыс. Әрі қарай жеке тұлға ол кэшбекті көлік салығы немесе мүлік салығын төлегенде қолданатындай жағдай жасасақ, игі болар еді, - деді ол.
Сонымен қатар бюджеттен азаматтардың санатына қарай төлем енгізу дұрыс деп санайды.
Бюджеттен азаматтардың әр санатына қарай төлем енгізуді ұсынамын. Мәселен, жалақы алғанда салық, жинақ, аударымдар сынды міндетті төлемдер ұсталады. Салық пен аударымдар әртүрлі есептелетінін түрлі санат өкілдері айтып жүр. Салықтарды бір мөлшерлемеге біріктіріп, санаттарға қарай әр салықтан карталарына кэшбек берілсе деген ұсыныс айтқым келеді. Сонда біз толықтай «ақ экономикаға» қол жеткіземіз, - деді төраға.