Салықтық рақымшылық жалғасуда

19 Тамыз 2020, 21:18
15912
Бөлісу:
Салықтық рақымшылық жалғасуда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биылғы жылдың 19 тамызынан бастап жеке тұлғалар үшін салық органдары есептеген көлік, мүлік және жер салығы бойынша өсімпұлдарды есептен шығару бойынша акция басталды, деп хабарлайды Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі.

Тиісті заң 2020 жылғы 2 шілдеде қабылданды, акция 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады. Өсімпұлды есептен шығарудың негізгі шарты жеке тұлғалардың салық бойынша негізгі борыш сомасын төлеуі болып табылады. Өсімпұл бересі төленетін салық түрі бойынша есептен шығарылады, – делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, осындай акция 2019 жылы өткізілген болатын, ол да тамыз айында басталып, жылдың соңында аяқталған болатын.

Нәтижесінде 15,9 млрд теңге мөлшерінде негізгі борыш сомасын төлеген 755,7 мың жеке тұлғалардың салық органдары 3,1 млрд теңге өсімпұлын есептен шығарды.

Бұл кезінде жеке тұлғалардың мүліктеріне және банктердегі есеп айырысу шоттарына салық органдары салған шектеулер мен тыйым салуларды алып тастауға мүмкіндік берді.

Өткен жылғы өткізілген акциядан алынған оң әлеуметтік әсерді ескере отырып, Мемлекет басшысы 2020 жылғы 6 сәуірде Үкіметке ағымдағы жылы жеке тұлғалар үшін салықтық рақымшылық жасауды қайта жүргізуді тапсырды. 2020 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша салық төлеушінің жеке шотында есептелген өсімпұл сомасын және 2020 жылғы 1 қаңтарға дейінгі салық кезеңдері үшін мүлік салығы, жер салығы және көлік құралдары салығы бойынша қалыптасқан бересі сомасына есептелген өсімпұл сомасын есептен шығару үшін ешқайда барудың қажеті жоқ. Борыштың негізгі сомасын төлеу жеткілікті, өсімпұл автоматты түрде есептен шығарылады, – делінген хабарламада.

Мемлекеттік кірістер комитетінің алдын ала есептеуі бойынша 1,2 млн астам азамат ағымдағы жылы салықтық рақымшылықты пайдалана алады.

Өзгелердің жаңалығы