Салық рақымшылығы дегенде нені ескеру керек?

9 Қыркүйек 2020, 13:40
1241
Бөлісу:
Салық рақымшылығы дегенде нені ескеру керек?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Салық рақымшылығы дегенде негізінен өсімпұл ғана кешіріледі. Бұл туралы Мемлекеттік істер комитетінің Өндірістік емес төлемдерді әкімшілендіру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Олжас Отар «Желмая» жобасында айтты.

Оның айтуынша, өткен жылы Президенттің тапсырмасына байланысты шағын және орта бизнеске салықтық рақымшылық жүргізілген. Олар негізгі салықтарын төлеген жағдайда өсімпұлдары кешірілген. Сонымен қатар, жеке тұлғаларға да мүлік, жер салығына байланысты рақымшылық жасалыпты.

Жеке тұлғалар үшін салық рақымшылығы биыл да жалғасын тапты. Өткен жылы 1 млн 400 мың адам мүлік, жер салығы бойынша мемлекетке берешек болған. Солардың 800 мыңға жуығы мемлекет алдындағы берешегін өтеп, 16 млрд теңгеге жуық салық төледі. Ал 4 млрд-тай өсімпұлы кешірілді, - дейді Олжас Отар.

Биыл 1 млн 200 мыңнан астам жеке тұлғаның мемлекет алдында берешегі бар екен.

1 қыркүйектегі жағдай бойынша 11 128 азамат 95 млн теңгеге жуық берешегін өтеп, 24 млн-нан астам өсімпұлы кешірілді. Салық рақымшылығы дегенде негізінен өсімпұлы кешіріледі, - деді ол.

Оның айтуынша, Қазақстанда салық төлеу мәдениеті жақсы қалыптаспаған.

Мәселен, шетелде адамдар ең бірінші «салықты төледім бе?» деген сұрақ қояды. Ал бізде маған қағаз келіп немесе салық орындарынан хабарласу керек деген сияқты түсінік бар. Мысалы, жер салығын 1 қазанға дейін төлеу міндетті. Бұл бекітіліп қойған күн. Сондықтан әр азамат 1 қазанға дейін «мен жер мен мүлік салығын төледім бе?» деген сұрақ қоюы керек. Ал көлік құралдарының салығын 31 желтоқсанға дейін төлеу керек, - дейді ол.

 

Өзгелердің жаңалығы