Танымыл әнші Димаш Құдайбергеннің анасы Светлана Айтпаева салт-дәстүрімізден ажырап бара жатқанымызды айтып, қазіргі күнгі діни көзқарасқа алаңдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәдениет қайраткері Светлана Айтпаева елордада өтіп жатқан тамыз кеңесінде балаларды тәрбиелеуде ұлттық құндылықтарды игерудің маңыздылығы жайында сөз қозғады.
Құндылық деген не? Адам нені құнды деп бағалайды? Ол жанына жақын, жоғары бағалайтын дүниелер. Ол рухани құндылық, мәдени құндылық, құнды зат, киім, жаныңыздағы адамның ерекше қасиеттері – осының барлығы құндылық. Бұл адами құндылықтар. Бірақ осының барлығының ар жағында ұлттың бет-бейнесін, ұлттық болмысымызды көрсететін қазақи құндылықтар тұр, - деді ол.
Димаштың анасы атап өткендей, өмірімізде құндылық туралы жаттанды сөздер бар. Отбасы құндылығы, мәдени құндылық деп айтуға үйреніп кеттік. Терең ойлансақ, ұлттық құндылық деген дүниеге жаттанды жағынан қарамаймыз.
Ұлттық құндылыққа тәрбиелеу тек мектептің еншісінде, мүғалімдердің мойнында деп қана қарамаумыз керек. Қазіргі таңда қоғамда әрбір адамға ұлттық болмысымыздың бейнесіндей болатын ұлттық құндылықтарды сіңіртудің жолдарын ойлауымыз қажет. Яғни құндылық деген не? Ең алдымен ол – біздің тіліміз, дініміз, - деп айтты Айтпаева тамыз кеңесінің сессиясында.
Ол қазіргі күнгі діни көзқарасқа алаңдады.
Өкінішке қарай, қазір діни көзқарасқа байланысты ұлттық құндылықтарымыздан теріс бағытқа қарай кетіп бара жатқан тұстарымыз көп. Салт-дәстүрімізден ажырап, өзге ұлттардың таныс емес дүниелерін дұрыс көріп, соған бағытталып кетіп бара жатқан діни көзқарасымыз белең алып бара жатыр. Бұл өте күрделі жағдай. Ұлттық салт-дәстүрімізден, сана-сезімімізден, ата-бабамыз қалыптастырып кеткен үлкен жолдан шығып бара жатқандай қауіп болайын деп тұр, - деді Димаштың анасы.
Еске сала кетсек, елордада білім қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесі өтіп жатыр.