"Шаңырақтың" бүгінгі қонағы астаналық күрд диаспорасының өкілі, өзі биші, өзі балуан Сәлім Айлазов деген азамат.
Жамбыл өңіріндегі Қаратауда өмірге келген Сәлім жастайынан қазақ балаларымен араласа жүріп, қазақша үйреніп алған. Оның үстіне, отбасында көрген тәрбиесі де Сәлімнің қазақ тіліне деген қызығушылығын арттырған.
Күні бүгін Астанадағы лезгин биі орталығының жетекшісі боп қызмет етіп жүрген Сәлімнің қазақ тілі, оның дамуы туралы ойлары өте қызықты. Қазақ тілін білген азаматтарға артықшылықтар ұсыну, мектеп жасынан бастап қазақ тілін білуге талпындыру секілді қызық ойлары сұхбатты түрлендіре түсті.
Абайдың қара сөздеріне қатысты өзіндік ойлары сүйсінтті. Тіпті, хәкімнің "Көзімнің қарасы" әнін шырқай жөнелгенде еріксіз таңғалдық.
"Шаңырақтың" төртінші санын көріп, бағасын беріңіздер, мархаббат!
"Шаңырақ" - түрі өзге болса, тілі қазақша азаматтармен мемлекеттік тілде сұхбат құратын, сол арқылы қоғамға ой тастауды мақсат тұтатын жоба. Жоба негізінен елге танымал азаматтармен қатар, бұған дейін қалың жұртшылыққа беймәлімдеу боп келген жастар сөйлейтін алаң болмақ, көрерменге сонысымен де тартымды болуды көздейді.
"Шаңырақтың" өткен санында Астана қаласы Ассамблеясы Жастар қанатының жетекшісі Юлия Лагуткина болған еді.